Қазақша сұрақ қою соғыс ашумен тең болған заман-ай!

23.10.2016
Қаралды: 1909

Автобуста планшетімді жоғалтып, басқа планшет сатып алуға «Сулпакқа» келгенмін. Планшет бағасы 75 мыңнан 160 мыңға дейін екен. 

Менеджер сатушыдан планшеттердің сипаттамасы туралы сұрадым. Қазақша, әрине.  Әлгі менеджердің қазақша сауалым үшін  «скандал» жасағаны.

«Неғып орысша сөйлемейсіз?! Біз қазақша сөйлейтін қазақ емеспіз. Біз басқа ұлт өкілдеріміз. Назарбаев айтты ғой сендерге орысша сөйлеңдер деп!» – деп дікеңдегені. Ол ол ма, Елена есімді қыз бір заматта: «Вы что, войны хотите?!» – деп дүрсе қоя бергенін қайтерсіз?!

Қазақстанның  осындай бір дәлдүріштеріне  мемлекеттік тілде сұрақ қою соғыс ашумен  тең болған заман-ай!

Мен оған бар болғаны тұтынушы ретінде тауар сипатын қазақша түсіндіруді сұрағанымды айттым. Ал оның жауабы анау. Ақырында тұтынушылардың арыз кітабын сұрап,  болған жағдайды соған жаздым.

Бұндай оқиға «Сулпакта» екінші рет болып отыр. Олардың ойынша қазақ тілі тек қазақтарға ғана міндет. Тауар алғың келсе орысша сөйлеу  керек екен.

«Сулпак» басшыларының  бұл жағдайдан еш нәтиже шығармайтындары анық.

Айтпақшы, мен әлгі планшетті  алмадым. Бұндай бассыздық жайлаған жерден  тауар алып, олардың кәсібін қолдап қайтейін?

Сол күні тағы бір  оқиға болды. Мен полицияға телефон шалып,  планшетімді жоғалтқаным туралы айттым. Менің телефон арқылы айтқан арызым Әуезов ауданының ішкі істер  бөліміне түсіпті. Мен өз арызымды қазақша айта бастадым, бірақ Юлия деген қызметкер маған орысша айтуды талап етті. Мен тек қазақша айтатынымды алға тарттым, ол трубканы тастай салды. Мен қайта телефон соғып едім, арызымды қазақ тілді операторға тіркетті.

Сонда егер де зәбірленуші қазақша арызын айтса оның арызы қабылданбай ма? Иә, менің оқиғам жеңіл-желпі ұрлыққа байланысты, ал егерде біреу біреуді соғып немесе тонап жатса Әуезов ауданы сіздің арызыңызды қабылдамауы мүмкін ғой, демек?

Бұл екі оқиға Алматы қаласында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде кембағал жағдайда екенін көрсетеді. «Сулпакта» да, Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде де қазақ тілі мойындалмайды екен. Мен «Сулпак» пен  Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде қазақтілді тұрғындардың  азаматтық шектеу мен дискриминацияға ұшырап жатқанына назар аударуды сұраймын!

ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің, ҚР Бас Прокуратурасының назарын маңызды фактіге аудармақпын: Орыстілді азаматтардың біразы (этникалық орысы, қазағы, басқасы бар) қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде тек қазақтарға қатысты деп басқа ұлттарға міндетті емес деп ойлайды екен.

Әзімбай ҒАЛИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ