Жынысы белгісіз болып туылған

24.10.2016
Қаралды: 2018

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында жынысы белгісіз болып туылған Айсүндет Әуезхан  есімді бала тұрады дегенді естідік. 

Сөйтіп өткен аптада біз Айсүндеттің үйіне арнайы барып, анасы Сәуле Тілеулесқызымен жолығып, мән-жайды сұраған едік. Ол бізге былайша әңгімелеп берді:

Дәрігерлер бала мүгедек болады деген

«Бәрі де УЗИ-ге түскеннен басталды. Жүктілігімнің үш айында құрсағымдағы шарананы УЗИ-ге түсірген дәрігер маған баламның жүрегінде ақауы бар екенін айтып, алдырып тастауға кеңес берді. Алайда мен оған сене қоймадым, баламды алдырғым келмей, одан әрі тексерілмек болдым. Сөйтіп Шымкенттегі  ең жақсы деген УЗИ-лердің біразына түстім. Бірақ ешқайсысы маған жақсы хабар айтпады. Диагностика орталығына барғанымда ондағы ең мықты деген УЗИ дәрігерінің өзі маған:  «Балаңның бір аяқ, бір қолы қысқа, өкпесі дамымаған, жүрегінде ақауы бар», – дегенді айтты. Мен оларға да сенгім келмеді. Сөйтіп Астанадағы «Ана мен бала» орталығына бардым. Ондағы дәрігерлер тексеріп қарап, баламның дені сау екенін айтып, қолыма тексеру қорытындысын берген. Бірақ ол жақтағы дәрігерлерден мен баланың жынысын сұрамаппын. Алайда жергілікті дәрігерлер мені баламның мүгедек боп туылатынына және оның көрер жарығы жоқтығына сендіріп, жасанды түсік жасатуға көндірді. Сөйтіп құрсақтағы сәби алты жарым айдан асқан кезде мен Шымкенттегі №1 перинаталдық орталыққа бардым. Ондағы дәрігерлер жасанды түсік жасатуға кеш қалғанымды тек, дәрі егіп босандырып алатындарын айтты. Қолымдағы дәрігер­лердің анықтамаларына қарап мені бірде бір дәрігер қабылдағысы келмеді. Тек бір дәрігер батылдық танытып, мені қабылдады. Сонымен екі күн бойына дәрі егіп, босандырып алды.

Сап-сау болып туылады

Мен учаскелік дәрігерлердің бала туыла сала шетінеп кетеді дегеніне сенгенмін, сөйтсем ол тірі екен. Босандырған дәрігер маған: «Баланың денсаулығында ешқандай ақау жоқ, тек жыныс мүшесі  әзірге белгісіз болып тұр, өзің көрші қызға ұқсайды ма?»  – деді. Қарасам, шынында әлі белгісіз, бірақ қызға ұқсайтын сияқты болып көрінді. Дәрігерлерден мұның себебін сұрағанымда олар: «Екіқабат кезіңде қатты стресс алғансың», – деді. Негізі үш жарым айдан кейін құрсақтағы шарананың жыныс мүшесі дами бастайды екен. Тура сол мезетте дәрігерлер маған әрнені айтып, күйзеліске түстім де, бала дұрыс дамымай қалған. Босанып болғаннан кейін жансақтау бөлі­мінде бір күн, патологияда үш күн жаттық та Айару деп қыздың атын қойып перзентханадан шықтық. 

Бір айдан кейін учаскелік емханаға апарғанымда олар облыстық емханаға жіберді. Ол жақтағылар баланы урология бөліміне тіркеуге алып, бір жасқа дейін қарады да, бір жасқа толған соң Алматыдағы Асфендияров атындағы орталыққа жіберді. Онда біз он күн жаттық, дәрігерлер әбден тексерді. Сөйтіп «екіжақты крипторхизм, шаптың бөгелуі. Жыныс мүшесі мен аталық жұмыртқаның гипоплазиясы. Гопоспадия. Жалған гермофратидизмнің ұма түрі» деген диагноз қойды. Негізі бала ұл, бірақ метіркесі қыздікі болғаннан кейін олар операцияны қыз етіп жасауы керек екен. Ол операция үш сатыдан тұрады, әрі күрделі, оны бала көтере алмайды деді дәрігерлер. Оған қоса олар бұрын-соң­ды мұндай операция жасап көрмегендерін айтқан соң, мен тәуекел ете алмадым. Бірақ орталық дәрігерлері баланың құжатын ұлдікі етіп ауыстырып келуім керектігі жөнінде құжат берді. Ауылға келген соң аудандық сотқа барсам олар көнбейді. Ақша дәметіп жатыр ма деп қайта-қайта барамын, нәтиже жоқ. Ақырында жағдайымды бір журналистке айтып, ол бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап, Айсүндет деп ат қойып, құжатын ұлға айналдырдық.

Шетелдік дәрігерге ота жасатқан

Сөйтіп мен балама қо­йылған сырқаттың емі бар ма, оған қай жерде операция жасайды деп интернеттен іздестіре бастадым.  Бұл – мың баланың бірінен ғана табылатын ауру екен. Интернеттен Мәскеуде жұмыс істейтін уролог-хирургты таптық. Сөйтіп оған хат жолдадық. Қазақстанның балаларын қабылдайтын кезегі 2018 жыл екен. Оған дейін қанша қаражат керек болса, соны жинап барамыз деп жоспарладық. Бірақ, біздің баламыздың жағда­йында бүкіл қажетті операциялар төрт жасқа дейін толық аяқталуы керек екен. Сондықтан қайта хабарласып, онда дәрігер Алматыда осындай төртінші операция жүргізгелі жатқанын айт­ты. «ДостарМед» атты клиниканың шақыруымен Алматыға келетін уақытын айт­ты. Біз дәрігердің қаралуына жазылдық. Кеңесін алдық. Орыс тілін дұрыс түсінбеймін, дәрігер де шетелдік, сонымен, оның жазуынан операция құны 350 мың теңге деп түсіндім. Осыны естіген мен  күйеуіме қуанышты хабарды жеткіздім. Ол қажетті қаржыны табатынын айтып, балаға операция жасаумен байланысты жұмыстар басталып кетті. Ол үш операция арқылы жасалынатын емді бір операцияға сыйдырды. Яғни, қуықтың үстінде тұрған жұмыртқаны түсіріп, қалта жасады. Енді соңғы операция  несеп жолы бөлінетін органын орнына апару керек. Оны қыркүйек айына жоспарлағанбыз. Алайда алдыңғы жасатқан операцияның құны 350 мың теңге емес, 3 млн 100 мың теңге болады екен. Оны біз операциядан соң білдік. Ал 350 мың теңге тек клиникаға жатқанымыз үшін төленетін ақы екен. Ондай сомадағы ақшаны табан астында қайдан табамыз? Дәрігерге кейін жасалатын операцияның ақшасымен бірге төлейміз деп жалынуымыз­ға тура келді.

Бұл операция наурыз айында жасалған. Ауылға келісімен көп жерлерге барып көмек сұрадым. Әйткенмен әлі күнге қажетті сома жиналған жоқ».

Баласының өмірін аман алып қалу үшін шырылдаған ана енді оның денсаулығын қалпына келтірмек болып зыр жүгіріп жүр. Егер ел ішінде Айсүндеттің еміне қаржылай көмек беремін дейтін қайырымды жандар болса, мына телефондар арқылы байланысуларына болады: 8-771-630-13-39, 8747-883-66-80.

«Киви  кошелек»: 8-747-883-66-80

«Халық банк» АҚ-нан ашылған шот: KZ 926010002008011093

Картаның нөмірі: 439047825427­8384

«Казкомерцбанк» АҚ-нан ашылған шот: KZ 85926004PN02027498.

Карта нөмірі: 4003032718310442  

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ