«Замананы» көпшілікке пайдасы тиетіні үшін ұнатамын»

18.10.2016
Қаралды: 727

Шымкентте Айнагүл Байменова есімді қарапайым әйел (суретте) тұрады. Ол кісімен біз таяуда кездейсоқ танысып қалдық.

Айнагүл апай көп қиындық көргенімен мойымаған, балаларын жақсы тәрбиелеп, жоғары білім алуларына, өмірден өз орындарын табуына жағдай жасап отырған қажырлы жан екен. Оны бізге өзінің өмір жолы туралы әңгімелеп бергенде білдік.

Ол кісінің жолдасы Сайын осыдан 16 жыл бұрын дүниеден өтіпті. Ал өзі ұзақ жылдар бойы Шымкенттегі денсаулық сақтау мекемелерінде медбике болып еңбек еткен, осыдан бірер жыл бұрын зейнеткерлікке шығыпты. Бүгінде азын-аулақ «пенсиясымен» отбасын асырап отырған жайы бар. Ол кісінің бір қызы жоғары оқу орнын бітірген ағылшын тілінің маманы, оның үстіне музыкалық аспаптарда ойнауды меңгерген өнерлі жан екен, кіші қызы бүгінде Алматы технология университетінде оқитын көрінеді.

Айнагүл апай «Замана» газетінің бірнеше жылдардан бергі тұрақты оқырманы екен. Жазылуға мүмкіндігі болмай қалса, газетімізді қаладағы баспа өнімдерін сатумен айналысатын нүктелерден іздеп жүріп тауып алып оқитынын айтады. Бізді бір сүйсіндіргені, әрине, осы болды.

«Замананы» алғаш шыққан кездерінен бері оқып тұрамын, – дейді Айнагүл Абылайқызы. – Газеттеріңіз маған өмірдің барлық дерлік саласын қамтитын ерекше жаңалықтарымен ұнайды. Жұртты көп нәрседен хабардар етесіздер. Әрбір мақаладан ой түйемін, кейбірінен қуат аламын. Газеттеріңізді көпшілікке пайдасы молынан тиетіндігі үшін құрметтеймін. Сондықтан да «Замананы» жаңа нөмірі шыққан бетте іздеп жүріп тауып алып оқимын. Жазылайын десем, соңғы кездері газеттерді үйге уақтылы жеткізіп беруді қойды, сосын одан гөрі бөлшек саудадан сатып алып оқығанды тиімді көретін болдым. Алдымен өзіміз тұратын 11-ші мөлтекаудан жақтан іздеймін, болмаса ол үшін Қырғы базарға арнайы барамын. Әйтеуір тауып алып, әрбір бетіндегі мақалаларды қалдырмай оқып шығамын. Жұртқа берері көп осындай газеттерді оқыңдар деп те айтып жүремін.

Өзімнің сатып алып, оқыған газеттерімді үйде мұқият сақтайтын әдетім бар. Қызық болғандықтан газеттеріңізді үйге келген адамдар да оқиды, кейде өзімен әкетіп қалатындар да бар.

Жалпы, мен адамдарға пайдасы мол осындай газет шығарып отырғандарыңыз үшін сіздерге шын ниетіммен ризамын. Әрдайым осылай халықтың ойынан шығып, еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер дегім келеді».

Айнагүл апай осылай деп біздің көңілімізді бір өсіріп тастады. Жақсы сөздің жан семіртетіні рас қой. Осы орайда біз де ол кісіге өмірден тек жақсылықтар көріңіз, мақсаттарыңыз орындала берсін деген тілегімізді білдіреміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ