Жаңа емхананың жағдайы жақсы ма?

18.10.2016
Қаралды: 1497

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде «Отырардағы жаңа емхананың жағдайы жақсы емес» деген тақырыпта мақала жарияланды. 

Онда биылғы жылдың көктемінде пайдалануға берілген аудан орталығындағы емханада дәліздің төбесі ойылып түсіп тұрғаны туралы жазғанбыз. Ал кешегі аптада редакциямызға Хадиша Сеңгірбаева есімді әйел хабарласып, былай деді: «Жазда «Замана» газетінен жаңа емхананың төбесі түсіп тұрғаны туралы оқығанбыз. Енді кеше болған қатты желден сыртындағы сылақтары опырылып құлап жатыр. Пайдалануға берілгеніне әлі бір жыл болған жоқ. Әлден бүйтсе, емханамыз көп ұзамай құлап тынатын шығыр. Бұған қарайтын адам бар ма өзі?»

Осыдан кейін біз құрылысқа жауапты  «КОНСО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Бахадүр Сүленовке хабарластық.

«Тап осындай жобадағы емхана бұған дейін Шымкент пен Түркістанда да салынған болатын, – деді ол кісі. – Негізі бұл жоба ауылға болмайды. Біз жобаға өзгеріс енгізіп, минплита сылақ ұстамайтындықтан сыртын пеноплекспен қаптайық деп сұраныс жасағанбыз. Бірақ онымен тапсырыс берушілер келіспей қойды. Қабырға мен сылақтың арасында ауа кіретін жер қалғандықтан ол жерге су өтуі мүмкін. Содан соң қабырға сылақтары түсе бастайды. Бұл бірінші жылы ғана болатын жәйт. Кейін қайталанбайды. Ал біз кемшіліктердің барлығын жойып жатырмыз. Ол жерлер жөнделіп, сырланды. Кейін бірдей түске енеді. Одан еш қорқудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай барлық құрылыста болып тұрады».

Қысқасы, Бахадүр Сүленовтың сөзіне қарағанда, жағдай аса қорқынышты емес сияқты. Бірақ жергілікті тұрғындар олай ойламайды. Енді неде болса ақырын күтейік.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ