Бір ағашта әр алуан жеміс өсіретін Мейізгүл

18.10.2016
Қаралды: 1785

Бүгінде жиын-терім науқаны жүріп жатыр. Диқан, бағбандар келесі жылдың өнімі үшін де қажетті жұмыстар жасауда. 

Осы орайда біз оқырманға Қазығұрт ауданындағы Сабыр Рақымов ауыл окуругіне қарасты Қызыл­ата ауылының тұрғыны Мейізгүл Мәйекованы (суретте) таныстыра кетуді жөн көріп отырмыз. Ол кісінің үлкен бау-бақшасы бар, оған өзі қарап, түрлі тәсілдер қолдану арқылы мол өнім алады.

Мейізкүл Қалыбайқызы 25 жылдай уақытын осы бау-бақшаны баптаумен өткізіпті. Қойған сауалдарымызға орай ол кісі бізге былай деді:

«Келіншек болып түскен кезімде бұл жер жай жазық дала болып жататын. Содан жабайы алма көшеттері арқылы алма ағаштарымен ұлай жүріп (будандастырып), суарып, тамырларын қопсытып осы дәрежеге жеткіздім.

Жеміс ағаштарын көктемде және күз мезгілдерінде ұлайды. Ұлағанда бізге өткір пышақ, целлофан қалта қажет. Қажет нәрсені көктемде бүршіктен,  ал күз мезгілінде ағаштың өзінен ұлаймыз. Көктемде бүршіктенген әдемі шыбықты алып екі шетін ашып жас шыбықты жеміс ағашының тамырына тығып қоямын. Күзде  жас шыбықты кесіп, қабығын ашып жеміс ағашының қабығына қаптап, целлофанмен жауып қоямын. Ал бір жылдан соң оны ашып, басқа жерге отырғыза беруге болады.   Ұлаған ағаштарды судан қысылдырмау және зақым тигізбеу керек. Мен жеміс ағаштарын екі жақтама ұлаймын. Жемісінің бір шеті қызыл, екінші шеті сары түсті болып піседі. Бұл ағаштарды көше жағалауына отырғызамын, адамдар көріп қызықса, бау-бақшаны көркейтсе екен деймін.

Бұл жұмысқа өзім өте қатты қызығамын. Маған ешкім үйреткен жоқ. Осы қызығушылық арқылы үйреніп кеттім. Әр адамның өзінің сүйікті ісі болады ғой. Менің сүйікті ісім – жеміс ағаштарын ұлап жетілдіріп, солардың жемісін көру.

Қазіргі таңда өзімнің үлкен бауымда 150-ден астам жеміс ағаштары жемісін беруде. Жылына 1,5 тоннаға жуық алма өткіземіз, қалғанын бала-шағам жейді. Одан қалғанын қыс мезгіліне сақтаймыз.

Бауымда алма ағаштарының неше түрлісі өседі. Атап айтсам, апорт, «Кандель», «Семиренка», «Айгүл», тағы басқа түрлері бар.   Қысқасы, бейнеттің рахатын көріп отырмыз.

Өзім осы бақты ерекше жақсы көремін. Себебі әркімнің өзінің еңбегі өзіне ыстық болады. Қатты шаршағанда осы баққа келіп демаламын. Бұл кәсіпті келешек ұрпағым да жалғаса екен деймін».

...Бұл бақтың басқа бақтарға қарағанда ерекшелігі көп. Мысалы, алмұрт пен алма бір ағашта, түстері қызыл және көк алма бір ағашта өсіп тұр. Мұндайды бірінші рет көргендіктен бұған біз кәдімгідей таңқалдық.

...Мейізкүл әпке 1973-жылы Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылында дүниеге келген екен. Ол Қызылата ауылына 1993-жылы келін болып түскен. Бүгінде жұбайы Серік екеуі 3 ұл, 3 қызды тәрбиелеп, бір немере сүйіп отыр. Ол кісі «Қызылата» жалпы орта мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ береді.

Рауан  ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ