Ақмарал Леубаева: «Өлең, сені ешқашан қоя алмаймын...»

18.10.2016
Қаралды: 2895

Айтыстың  ақ шынары бола білген Ақмарал Леубаеваны өнерсүйер бүгінгі қауым жоғалтып та алғандай. 

Сахнадан көрінбеген соң ақын қызды іздеген жұрт: «Сол қыз өнерді, өлеңді қойып кетті ме екен?» дейтіні де рас. Бірақ...

«Өлеңіме сыр ашып шағынуды,

Өткен күннің парағын сағынуды

Қойған жоқпын тарқатып өкпе-реніш,

Өлең жазып өкініштен арылуды», – дейді ақын.

Иә, Ақмарал ақын  өлеңін «ешқашан қоя алмайды...» Қоя алмағаны сол, жақында бірінен соң бірі үш кітабы жарық көрді.  Аңсағанға – «Ақ шынар», іздегенге – «Іңкәр жүрек»-ті ұсына отырып, «Сіз үшін...» кестеленген жыр жинақтарын тарту етті.

Айтары бар, өзгелерден ерекшелігі сол, қарсыласын жерден алып, жерге салмайтын, қауып айтпай, тауып айтатын айтыстың кермаралы – Ақмарал Леубаеваның айтысын аңсағанға «Ақ шынарды» оқуға кеңес береміз. Сағынып қалған боларсыз. Сахна саңлағының сыршыл да өршіл өлеңдерін оқудың сәті туып тұр.

 «Ақмарал Леубаева – менің құрметпен қарайтын санаулы ақын қарындастарымның бірі. Ол айтыс өнерінің отына күйіп, суығына тоңып келе жатыр», – дейді айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халық­аралық одағының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман.

Шын шебер жан-жақты келеді дейді.  Бәлкім рас та шығар. Себебі сіз бен біз айтыскер ақын ретінде сонау сексенінші жылдардың ортасында мойындап үлгерген Ақмарал ақыныңыз ән де шығарады. Ән бол­ғанда қандай ән?! Ақын жүрек – Ай жүрек күз-көңілді мұңға батыра отырып сыр айтады. Енді бірде сезімнің тәтті қылын шертіп, көңіліңізді көктем етеді.

«Ақылымның арбаушысы

Сен екенін біліппін бе?» – деп назданып тұрып,

«Маған жазған әндеріңді

Түн ауғанша айтатынмын», – деп енді бір сәтте іштегі сырды ақтарып сап, ән салдырып ала жөнеледі.   Сосын...

Сосын, «Сен маған сүюді үйреттің....» деп «сен екеуің ән салғанда...»-ны ыңылдап, әндетіп отырғаныңыз сол  түн ауғанша.

Бұл «Іңкәр жүрек» қой. Ішінде әндердің ноталары да бар. Бүгінгі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы деп жүрген Қайрат Нұртасыңыз да, Ернар Айдарыңыз да, Жазира мен Жанболат та Ақмаралдың «Іңкәр жүрегіндегі» әндерді  шыр­қайды. Ал Ақбота Керімбекова мен Роза Әлқожаның орындауындағы әндер жүрегіңізге жақын болса оны да «Іңкәр жүректен» табарыңыз даусыз.

«Ол – өте зерек. Білімдар. Айтыс ақыны ғана емес, сазгерлік өнерде де көптеген табыстарға жете білген жан», – дейді өз естелігінде театр сыншысы, Қазақстанның  Еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек Сығай Ақмарал ақын жайлы.

Өнерге сын көзбен қарай жүріп, қайталанбас саф алтындарды, сахна саңлақтарын тани білген Әшірбек Сығайдан артық не айтуға болады?! 

«Қуанышым – қазынам» дей жүріп, өнеріне тәнті қауымнан «Адамдар, кешіріңдер!» деп кешірім сұрай алатын ақын-жүрек жырға толы. Айтыстан көрінбеді деп өкінбеңіз. Сүйікті ақындарыңыз әлі де көп дүние сыйламақ. Бәрі де «Сіз үшін...»!

«Кедергінің өзенін кешіп өтіп»,  «қолдан қайық жасаған қырық түрлі» жандарды да кешіре білген, бәрін, бәрін «іші оның біліп тұрып», «Өзім үшін...» дей бермей, «Сіз үшін...» деп құшағын ашып отыр.

Ақынның жан сырына қаныққыңыз келсе, айтыстың «Ақ шынарымен» қауышып, «Іңкәр жүрекпен» бірге қосыла ән салып көріңіз. Несіне қайталап айта берейін,  бәрі де «Сіз үшін...» ғой, оқырман!

Жәмила  ЖАЙЛАУБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ