Іші желденген әйелді иттің қиымен емдеген екен

17.10.2016
Қаралды: 1618

Осыдан екі ғасырдай уақыт бұрын Созақтың Сызған өңірінде Шатагөз деген тәуіп өмір сүріпті. Ол кісіге ауырған-сырқағандар көп барады екен. 

Бірде оған ел ішінен біреу барып, әйелінің іші кеуіп ауырып жатқанын айтып, емдеуін өтінеді.

Содан тәуіп әлгі науқасты барып көрсе, оның іші расында да тырсия кеуіп кеткен екен. Қарнының ісінгені сонша, тынысы тарылып, демала алмай жатады. Талай ауруды емдесе де мұндайды бірінші рет көріп тұрған тәуіп не істерін білмей сасыпты. Емдей алмаймын дейін десе, бұған әбден арқа сүйеп алған жұрт сөзіне сенбейді әрі өзінің де бағасы түсейін деп тұр. Емдеп көрейін десе ештеңеге көзі жетпейді. Тәуіп не істерін білмей тығырыққа тіреліпті. Сосын далбасалап сыртқа шығып кетеді.

Шатагөз үйді айнала бергенде жел тербеп тұрған бір шөптің ұшына қатқан иттің қиын көріпті. Ойына бір амал сап ете қалады. Сосын иттің қиын қырнап алыпты да, ішке кіріпті.

Елдің көзі тәуіпте, жарықтық бір амалын табар деп үміттеніп отыр. Жаны қиналған әйел де оған құтқара гөр дегендей жаутаңдай қарайды.

«Бұл дәріні ешкімге беріп көрмеп едім, – депті сонда Шатагөз тәуіп. – Өзі уыты күшті дәрі. Жазылса, осыдан жазылады».

Осына айтқан Шатагөз иттің қиын ұсақтап уатып, қиналып жатқан әйелдің аузына салып, артынан су ішкізіп жіберіпті. Иттің қиы расында да ем болды ма, әлде кездейсоқтық па, кім білген, сол сәтте ауырып жатқан әйелдің ішінен тарсылдаған желмен қоса ішкен-жегенінің қалдықтары да атыла шығыпты. Ауырып жатқан әлгі әйел әп-сәтте-ақ желі шыққан доптай болып жеңілдеп, рахаттана жаны кіріп қалыпты.

...Бұл ерекше оқиғаны бізге қазір Шымкентте тұратын Қуаныш есімді қария айтып берді.

«Маған бұл туралы Шатагөз тәуіптің немересі әңгімелеп берген еді, – дейді бүгінде жасы 80-ді алқымдап отырған Қуаныш қария. – Атамыз емшілік жасап жүріп өмірімде ит қиының ауруға ем болғанын бірінші рет көрдім деп айтып отыратын дейтін. Сол есіме түсіп отыр. Ол шынында да ем болды ма, әлде науқастың қатты иланғанынан солай болып шықты ма екен, кім білген...»

...Міне, өмірде кеселден осылайша да жазыл­ғандар болған екен.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ