Хосият – Оңтүстіктің ең үздік почташысы

17.10.2016
Қаралды: 1705

9-қазан күні Дүниежүзілік почта күні аталып өтетіні белгілі. Осыған орай Оңтүстікте биыл алғаш рет облыс­тағы үздік почташыны анықтайтын байқау ұйымдастырыл­ған болатын. 

Барлық аудандар мен қалалардан қатысқан почта қызметкерлерінің арасында Сарыағаш аудандық почта байланыс торабының намысын қорғаған Хосият Тажымұратова (суретте) «Ең үздік почта тасушы» деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Ал 6-қазанда Хосият Кәдірбайқызы облыстың атынан Астанадағы байқауға қатысып, ол жерден де «Скрытый резерв компаний» аталымының арнайы жүлдесін иемденген.

Облыстық және республикалық байқауларда Сарыағаш ауданының намысын абыроймен қорғап жүрген Х.Тажымұратовадан әріптес­терінің үйренері мол екен. Ол кісі білікті маман, өз ісінің озаты ғана емес, отбасында жеті бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Өз еңбегінің жемісін көріп жүрген Алтын алқа иесінен байқаудың қалай өткенін сұрағанда ол кісі былай деді:

«Маған осы сайысқа қатысуға сенім білдіргені үшін Шамшидин Қапалбаев басқарған әріптестеріме алғыс айтамын. Байқау өте тартысты өткенінен бөлек, қызықты да  болды. Барлық аудандар мен қалалар өз өкілдерін жіберген екен. Бірінші өзімізді таныстырдық. Одан кейін болашақ почта қызметкерлерінің киім үлгісін көрсеттік. Отырғандар біздер дайындаған бейнероликті, почта қызметкерлерінің өмірі туралы түсірілген суреттерді тамашалады. Өнерім ұнаса керек, әділқазылар бас жүлдеге солардың арасынан мені лайықты деп тапты».

Х.Тажымұратова 20 жылдан бері күннің ыстық-суығына қарамастан сарыағаштық оқырмандарға газет-журнал мен хат-хабардың уақтылы жетуі үшін еңбектенуде. Осылайша өз еңбегінің жемісін көріп, «Қазпочта» АҚ облыстық филиалының директоры Әлия Сүгірбаеваның қолынан бас жүлде алған  Хосият Тажымұратова алдағы уақытта өз білгенін жастарға үйретуден жалықпайтынын айтты. Біз де ол кісінің алдағы жұмыстарына тілектестік білдірдік.

Р. ШАЛҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ