«Қызылқұмның қауыны қор болып жатыр», – дейді ауыл тұрғыны

17.10.2016
Қаралды: 1759

Күздің екінші айы да ортасынан ауып барады. Егіс алқаптарында піскен өнімдер жиналып жатыр. Бірақ Шардара ауданының Қызылқұм ауылында жағдай басқаша. 

Бұл өңірде диқандар дайын өнімді қайда сатуды білмей отыр. Осы мәселе бойынша редакцияға хабарласқан Қанат Бегалиев есімді ауыл тұрғыны былай деді:

«Биыл жақсы өнім алып қалармыз деген үмітпен бес гектар жерге қауын еккен едім. Бірақ есіл еңбек зая кететін секілді. Көктемде қарбызымыз шегірткеге жем болып еді, енді, міне, қауынымыз қор болып жатыр. Сатсаң килосын шертіп жүріп 18 теңгеден алады. Бір қауын үшін қаншама шығын жұмсалатыны осы кезге дейін ешкімді қызықтырған емес. Кейде сол қауынды жинату үшін беретін ақшаң сату бағасымен теңесіп кетеді. Оған салықты, су ақысы мен басқа да төлемдерді қоссаңыз, бұл іс өз-өзін ақтамай да қалуы мүмкін. Бірақ ауылда басқа жұмыс жоқ болғандықтан табыс болып қалар деп үміттенесің.

Бұл қауынды сатып пайда табу қиын. Сондықтан мен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбаевқа ауылдан қауын өңдейтін шағын цех ашуға ұсыныс жасадым. Қауыннан жасалған қауынқақ, қауынқұрт, тосап, шырын, сусындардың қандай сұранысқа ие екені көпшілікке белгілі. Қабығы – малға жем, шопағынан май жасауға болады. Егер бұл жоба іске асса, онда біз сырттан клиент іздеп те әуре болмаймыз. Қауындарымыз да қор болмас еді. Әрі ауыл адамдары жұмысқа орналасады. Осыны айтқанымда әкімнің орынбасары: «Оған сырттан инвестиция тарту керек, бізге бұл үшін ешкім келмейді», – деп қара аспанды төндіріп жіберді. Президент ауылға көңіл бөліңдер, ауылды көтеріңдер деп тапсырма беріп жатыр, ал жергілікті басшылардың айтып отырғаны мынау. Сонда мұндай жақсы бастама инвестиция болмаса іске аспай ма? Ауданда жыл сайын игерілмеген қаржының кері қайтарылғанын естиміз. Инвестиция болмаса, мұндай жұмыстарды үкіметтің қаржысына іске асыруға болатын шығар?

Әкімдер мұндай бастамаға қолдау білдірудің орнына кедергі келтіреді. Тіпті жалқаусыңдар деп өзімізге тиіседі.  Бұрынғы әкім Қамытбек Айтөреев ауылға келгенде солай деген. Мен оған маусым кезінде таңғы сағат төрт пен түнгі он екіде егін алқабына кел, адамдардың қалай жұмыс істеп жүргенін өз көзіңмен көресің дегенмін. Ол бұл жай айтыл­ған сөз ғой деп құтылды. Барлығы қазақ жалқау дегенге үйреніп алған. Қазақ жалқау емес. Диқандар жұмыс істейді, тек соған басшылардан көмек жоқ».

Міне, шардаралық тұрғын осылай дейді. Расында басшылардың көп жағдайда жалқаусыңдар деп кінәні халыққа аудара салатыны бар. Бірақ шын мәнінде олай еместігін Қ.Бегалиев түсінікті тілмен айтып отыр. Диқанның еккені қор болмас үшін бәлкім ауылдарда қауын-қарбыз өңдейтін цех ашқан да дұрыс шығар. Бұл өзі ойланатын мәселе секілді.

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ