Атамбаев та 61 жасында биліктен кете ме?

17.10.2016
Қаралды: 1602

Қызметінен 61 жасында кету қырғыз Президенттерінің пешенесіне жазылған ба?

Қырғызстан тәуелсіздігін жариялаған 1991-жылдан бері төртінші президент елді басқарып отыр.Бірінші Президент Асқар Ақаев 1944-жылы 10-қазанда өмірге келген. 2004-жылы 60 жасқа толғанын атап өткен. Келесі, 2005-жылы 24-наурызда, 61-ге қараған шағында төңкерістің нәтижесінде қызметінен кетті.

Екінші Президент Құрманбек Бакиев 1949-жылы 1-тамызда туылған. 2009-жылы 60 жасқа толған. Келесі, 2010-жылы 7-сәуірде төңкерістің нәтижесінде 61 жасында қызметінен кетті.

Үшінші Президент Роза Отынбаева 1950-жылы 23-тамызда дүниеге келген. 2010-жылы 60 жасқа толды. Келесі, 2011-жылы президенттік сайлауға байланысты  61 жасында қызметінен кетті. Өйткені ол сол кездегі Қырғызстанның Уақытша үкіметінің шешімімен өтпелі кезеңнің Президенті болып сайланған болатын.

Төртінші Президент Алмазбек Атамбаев 1956-жылы 17-қыркүйекте туылған. Биыл, 2016-жылдың 17 қыркүйегінде 60 жылдығын атап өтті. Келесі жылы  1-желтоқсанда Президенттің 6 жылдық қызмет мерзімі аяқталады. Өйткені Қырғызстанның Конституциясына сәйкес, республикада Президент екінші мерзімге қатарынан  сайланбайды. Ал алдағы жылы қазіргі Президент 61 жасқа толады.

...Бүгінде Қырғызстанда республиканың жаңа Конституциясын қабылдауға қызу әзірлік жүріп жатыр. Ел ішінде «Конституцияны өзгерту арқылы Алмазбек Атамбаевтың тағы да билікте қалмақ ойы бар ма?» деген пікірлер жоқ емес. Мұндай қауесеттерге байланысты Алмазбек Атамбаев соңғы уақыттарда өзі қатысқан іс-шараларда, сөйлеген сөздерінде  мерзімі аяқталған кезде биліктен сөз жоқ кететінін әрдайым үзілді-кесілді айтып келеді.

Сонымен, қырғыз Президенттері қатарынан төртінші рет 61 жасында қызметінен кететін болды. Бұл кездейсоқтық па? Заңдылық болып, елдің пешенесіне солай жазылса, ендігі жылды күте тұрайық. Онда келесі жылы Президенттікке сайланатын адам 55 жаста болуға тиіс.

Негізі адамның 61 жасы халқымыз үшін киелі жас. 61-ге келген қариялардың «пайғамбар жасына келдім» деп тәубе еткенін талай көргенбіз. Бұл – Мұхаммед пайғамбардың қайтыс болған 63 жасы. Арабтар жылды ай күнтізбесімен есептейді. Олардың жылы қазіргі кездегі жыл есептеуінен 10 күнге кем. Сонда  ай күнтізбесінің 33 жылы қазіргі есеппен 32 жыл болып қалады. 60-тан асқан адам қайтыс болса, 2 жылды қосып қоятыны да осы себептен.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ.

Бішкек қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ