Ермек Нарымбай Украинаға қалай тап болды?

17.10.2016
Қаралды: 1489

Құдайға шүкір дейік, қазақта «елім, жерім» деп шырылдап жүрген білімді азаматтар баршылық. Солардың бірі – Ермек Нарымбай. 

Ол бүгінде Украина елінде тұрып жатыр. Әлеуметтік желілер арқылы еліміздегі саяси оқиғаларға, экономикалық жағдайға, халықтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігіне қатысты ой-пікірлерін, көзқарастарын ашық  білдіріп тұрады. Таяуда бізге Ермек Нарымбайдың өзімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ермек Ерсайынұлы, әңгімемізді өмірбаяныңыздан бастасақ...

– Мен 1970-жылы Қостанай облысының сол кездегі Ленин, қазіргі Ұзынкөл ауданындағы «Ершовка» ауылында, педагогтар отбасында туылғанмын. Кейіннен әкеміздің қызметіне байланысты Ар­қалық қаласына қоныс аудардық. Балалық шағым әртүрлі үйірмелерге қатысуыммен есте қалды десем болады. Музыка мектебінде домбыра және баян сыныбына барғанмын, самбо үйірмесіне қатысқанмын. Негізі менен жақсы спортшы, тіпті әскери қызметкер шығар еді, бірақ оған көру қабілетімнің нашарлауы себеп болды. Осылайша мен бірнеше мәрте оқталғаныммен, әскер қатарына қабылданбадым. Содан соң Арқалықтағы педагогикалық институтты тарих пәні бойынша тәмамдадым, кейіннен Қостанайда заңгер мамандығы бойынша білім алдым.

– Украинаға не үшін кеттіңіз? Жалпы, не себепті, соны айтып беріңізші...

– Мен жүріп өткен жол­ға қарасаңыз, маған қатысты 18 сот үкімін, 12 түрме мен 3 қылмыстық істің ізі жатыр. Маған саясатқа араласуға, халық алдына шығып өз пікір-көзқарастарымды ашық білдіруге тыйым салынды. Ал қазір, өздеріңіз білесіздер, үндемей қалатын уақыт емес. Мен осы себепті Украинаға кетуге мәжбүр болдым.

Тарқатып айтар болсам, күн жексенбі болатын, түк болмағандай, жай ғана серуендеуге бара жатқан адам секілді үйден шықтым. Өзіммен бірге ештеңе алмадым, тіпті телефонымды да. Содан алдын-ала құрған жоспарым бойынша шекара асып кете бардым. Жолай қиындық кездеспеді деп айта алмаймын, шекарашыларға ұсталып қала жаздаған жағдай да болды. Бірақ құрған жоспарым жүзеге асты. Осы жерде айта кеткен жөн шығар, мен Украи­наның шекарасынан заңды түрде, құжаттарымды көрсете отырып аттадым.

– Қазіргі жағдайыңыз қалай енді? Ол жақта қалай күн көріп жатырсыз?

– Бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Шалқып өмір сүріп жатырмын деп айта алмаймын. Көлігім жоқ, таксиге де мінбеймін. Әзірге менің бар байлығым теледидар мен ноутбук болып тұр. Сол ар­қылы елдегі бауырларымның хал-жағдайынан хабардар болып, әлеуметтік желілерге жазба қалдырып жүрген жайым бар. Қазір Еуразиялық Одаққа мүше елдерден саяси босқын статусын сұрап жатырмыз. Егер бұл ойымыз жүзеге асса, таяу уақытта сол елдің қанатының астында боламын.

– Ал отбасыңыз, бала-шағаңыз қайда? Олардың қазіргі жағдайы қалай?

– 22 жыл отасқан жарым Зоя Әбілдинамен осыдан екі жыл бұрын заңды түрде ажырасқанбыз. Қазір ерлі-зайыпты болмасақ та дос ретінде жақсы араласамыз. Екеуміздің парасат-пайымымыз, көзқарасымыз бірдей. Арада өткен 22 жыл ішінде үш перзентті өмірге әкелдік. Үлкенім – Мұқағали, екіншім – Ерғали, кенжетайым – Әсем. Бәрі қазақ тілінде оқыды, жоғары білім алды. Аналарымен бірге тұрады. Ал өзімнің жеке өміріме келер болсам, екінші мәрте үйленіп, отбасын құрсам деген ниетім бар.

– Құпия болмаса, сізді кім қаржыландырады?

– Қазақстанда қалған туған-туыстарым, дос-жарандарым мен жақтастарымның арқасында күн көріп жүрмін.

– Алға қойып отырған жоспарыңыз қандай? Енді не істемек ойыңыз бар?

– Елдегі билік ауысқан соң, маған тағылып отыр­ған айыптардың бәрінің күші жойылған соң қайта оралсам деймін. Қазір мен соңғы 25 жыл ішінде орын алған кейбір жағдайды қарапайым халыққа түсіндіріп, олардың көзін ашу бағытында жұмыс жасап жатырмын.  Қазақстандағы саяси жүйе түбе­гейлі өзгеріп, халықтың ұлттық сана-сезімі оянса, әрбір азамат ұлты, жері, Отаны алдындағы жауап­кершілікті сезінсе деймін. Осы бағытта өз білімімді, тәжірибемді қолданып, титтей де болса үлесімді қосу – менің басты арманым.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ