Шымкентте әйелдердің сырт киімі шығарылады

17.10.2016
Қаралды: 1861

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы жергілікті кәсіпкерлердің істері алға басуы үшін ауқымды тірліктер тындыруда. 

Таяуда кәсіпкерлер палатасы елімізге шетелдік мамандарды тарту жобасын қолға алды. Мұндағы басты мақсат – арнайы мамандардың көмегі арқылы жергілікті кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру, сөйтіп өндірісті өркендету болып табылады. Бүгінде мұндай жоба нақты іске асуда. Қазір Шымкенттегі «Зерде-керамик» компаниясы мен «GOLDEN HOMAD» ЖШС-інде германиялық мамандар жұмыс сапасын арттыру үшін өздерінің тәжірибелерін үйретуде.

Керамогранит шығаратын «Зерде-керамик» компаниясының өнімдері бүгінгі таңда еліміздегі барлық облыстарға, сонымен бірге көршілес мемлекеттерге де экспортқа шығады. Өндіріс орнына италиялық жабдықтар орнатылса, шикізат Түркия, Ресей және Украина мемлекеттерінен жеткізіледі. Қазіргі кезде компания өнімдері үлкен сұранысқа ие.

Ал 2013-жылы ашылған «GOLDEN HOMAD» ЖШС-і де өндірісті өркендету жолында сәтті қадамдар жасауда. Қазірге дейін ерлер мен әйелдерге арналған костюмдер шығарып келген серіктестік енді қыз-келіншектер үшін сапасы жоғары күзгі және қыстық сәнді сыртқы киімдерді де тігуді қолға алды. Бүгінде Германиядан келген Ятта Хейделман есімді білікті дизайнер жергілікті жұмысшыларды жұмыстың қыр-сырымен таныстырып қана қоймай, өзінің тәжірибелерімен де бөлісуде. Ал мұның жергілікті кәсіпкерлер үшін пайдасы мол екені белгілі.

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ