Мұхтар ақынның мерейтойын дүркіретіп өткізсек екен

17.10.2016
Қаралды: 1788

Жақында есімі дүние жүзіне белгілі ақиық ақын Мұхтар Шаханов құрдасым 74 жасқа толып, туған күнін Төлеби ауданындағы Қасқасу өзенінің жағасында, өзінің кіндік қаны тамған жерде атап өтті. 

Ол әкесі мен шешесінің рухына арнап мал сойып, ас берді, кездесуге келген ағайын-туыс, жора-жолдастар әруақтарға құран оқып, бата жасады. Мен оқырмандарға сол естен кетпес кездесу жөнінде айта кетсем деп едім.

Әрине, ол жиында да Мұхаңның өлеңдерін оқуға үлкен-кішінің көбі кезекке тұрды.

Бұл кездесуге біздің құр­дас­тар – Ташкенттен журналист Марат Арынов, Қарабұлақтан филология ғылымдарының кандидаты Рахымтай Бегалиев, тағы басқалар қатысып, сөз сөйледі.

Кездесудің ең бір қызықты жері Ленгір қаласында тұратын Бекайдар ініміздің мейрамханасында болды. Тойға қатысқан ағайындардың барлығы да кешкі сағат 19.00-де сонда барды. Мұхаңның өскен жері – Отырар ауданы әкімінің орынбасары бастаған оншақты адам, ішінде айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова бар, арнайы дастархан жайып, кездесуді өзі бас­қарып, рет-ретімен сөз беріп, отырыстың барысын өзі атқарды.

Әрине, Мұхаң жүрген жерде ән мен жыр айтылмаса, сәні кірмейтіні белгілі. Оңтүстікке белгілі асаба әрі әнші Қазыбек ініміз жұбайымен қосылып Мұхаңның «Жұбайлар жыры» әнін құйқылжыта орындады. Жастары бар, үлкені бар Мұхаңның бірнеше әндері мен жырларын орындап  көпшілікті риза етті. Өзі ішкі істер органының полковнигі Бекайдар ініме көңілімнің бір толатыны,  Мұхаңның барлық кітаптарын жинапты, бірнеше өлеңдерін балалары да жатқа айтқанын көрдік. Бұл тек қазақ жігіттерінің ең мықты, рухы биік, ұлтқа деген үлкен сүйіспеншілігінен туындаса керек.

Тағы бір айтпай кетуге болмайтын нәрсе – облыс орталығындағы  «Отырар» кітапханасында Мұхтар Шаханов бөлмесінің ашылуы. Бұл үлкен жаңалықты Мұхаңа деген дара құрмет деп білу қажет. Бұл бөлменің ашылуына тағы да сол Мұхаңның кітабын сүйіп оқитын оқырман Ақкенже атты қарындасымыз мұрындық болыпты. Талай есікті ашып, өтініш айтып, ақыры сол жерден бір бөлме алып, ішін Мұхаңа қатысы бар түрлі заттармен, кітаптармен толтырыпты. Мұндайды көрген адамның көңілінен шығатын етіп жасау, әрине, оңай жұмыс емес. Дегенмен Ақкенже қарындасымыз соның бәрін ойдағыдай етіп орындағанына көз жеткіздік, оған өте риза болдық.

Келесі, 2017-жыл Мұхаң үшін айрықша жыл екені белгілі, ол кісі 75 жасқа толады. Бұл күнді атап  өту барша қазақ халқына парыз деп есептеймін. Тіпті ЮНЕСКО көлемінде аталса да артық болмас еді. Одан қазақ елінің Үкіметі, Мәдениет министрлігі тыс қалмас деген сенімдемін. Мұхаңның еңбегі қандай да болса марапатқа лайық.

Ақкенже қарындасымыз қазір Мұхаң туралы деректі фильм түсіруді қолға алып жатыр. Бұл – үлкен бастама. Әрине, мәселе қаржыға барып тіреледі. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігі, басқа да  мекемелер осы фильмнің жоғары дәрежеде түсірілуіне және 2017-жылдың 2-шілдесіне дейін дайын болуына атсалысады деп ойлаймын.

Ақынды құрметтейтін, қазақ еліне, тіліне зор еңбек сіңірген азаматтың туған күніне – 75 жылдық мерейто­йына үлес қосамын деген ұлтжанды азаматтар Ақкенже қарындасымызбен 8-771-882-73-50 телефоны арқылы хабарласуына болады.

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ