Министр Мұхамедиұлының басына бұлт төніп тұр

25.10.2016
Қаралды: 1514

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жағдайы жақсы болмай тұр. 

Біраздан бері ол кісінің абыройын түсіретін материалдар көптеп жарияланып жатқаны белгілі.

Бұрынғы студент қыз министрге кінә тақты

Таяуда әлеуметтік желілерде кезінде Арыстанбек Мұхамедиұлы ректор болған Қазақ Ұлттық өнер академиясында 2011 – 2015-жылдар аралығында оқыған Еңлік Сыдықова есімді қыздың мәлімдемесі жарияланды. Онда Е.Сыдықова өзінің орта арнаулы оқу орнын бітіргесін жоғары білім алу мақсатында Өнер академиясына түсуге әрекет жасағанын, сол кезде біреулердің өзін ректор Арыс­танбек Мұхамедиұлымен кездестіргенін айтады.

«Сол кезде ол өзінің  көрсететін көмегі үшін ашықтан-ашық 3000 доллар сұрады. Мен ойланып көрейін дедім, уақыт бөлгені үшін рахмет айтып, сыртқа шықтым. Сыртта әпкем күтіп тұрған болатын.  Ал үйге қайтып бара жатқанымызда маған ректордың көмекшісі телефон шалып, оның менімен сөйлескісі келетінін айтты. Сосын мен кері оралдым. Екеу­ара әңгіме кезінде Арыс­танбек Мұхамедиұлы менің қайда, кіммен тұратынымды тәптіштеп сұрай бастады. Сосын: «Менімен қонаққа барасың. Шарап ішеміз, билеп, жұртпен араласамыз, көңіл көтереміз», – деді. Лауазымды адамнан мұндай сөз күтпегендіктен мен есеңгіреп қала жаздадым. Оның ұсынысынан бас тартып, сыртқа шығып кеттім. Жылағанымды әпкем көрді, оқиғаға сол куә. Сол кезде Айтқазы шығып, маған болған жайды ешкімге айтпауым керектігін ескертті», – дейді ол.

Е.Сыдықова кейін бәрібір де академияға оқуға түсіпті.  «Оның осындай қылықтарын біздің тобымызда менен де басқа талай қыздар көрген болуы мүмкін деп ойлаймын. Қысқасы, Арыстанбек Мұхамеди­ұлы қазіргі иеленіп отыр­ған лауазымына лайық жан емес», – дейді Е.Сыдықова.

Кім не дейді?

Е.Сыдықованың бұл мәлімдемесі бүгінде аталған оқу орнында талқыланып жатқанға ұқсайды. Мысалы, осы академияда актерлік шеберлік курсынан дәріс беретін Гүлнәр Аманжа­нова былай депті:

«Мен Е.Сыдықованы жақсы оқыды деп айта алмаймын, сабақтан жиі қалатын. Біз оған жеңілдіктер жасадық, әртістікке бейімділігі бар болғасын мүмкіндіктер бердік. Оның мына мәлімдемесі төбеме жай түскендей етіп отыр. Мен бұған қатты таңқалдым. Дәлелсіз, құр сөзбен бұлай деуге болмайды ғой. Айтқандары рас болса, оған дәлел керек. Мен оның әрекетін балабақшаның ісі деп есеп­теймін».

Ал Е.Сыдықованың министрге қатысты айтқан сөздерін Роза Бақтығалиева есімді тағы бір әйел қуаттап отыр. Бүгінде 40 жастағы ол кісінің айтуынша, А.Мұхамедиұлы 2000-шы жылдары Президент оркестрінің жетекшісі болып тұрған кезінде оны «ыңға­йына» көнбегені үшін жұмыс­тан шығарып жіберген көрінеді. Р.Бақтығалиева басшысымен арада болған қолайсыз оқиғаны Еңлік Сыдықоваға қолдау білдіру ниетімен жариялап отырғанын білдірген.

Бұрынғы студент пен актрисаның осы айтқандарына орай кешегі аптада атал­ған академияда сабақ беретін белгілі әртіс, Театр қайрат­керлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов та өз пікірін білдірді.

«Ол қыздардың осыны жасырмай айтқан азаматтық позициясына ризамын, – деді Т.Жаманқұлов. – Бұл – шындық, болған оқиға.

Мен 30 жылдан бері осы академияда сабақ беремін. Талай ректорларды көрдік, бірақ мұнда Мұхамедиұлының кезіндегідей «бардак» болған емес.

Е.Сыдықованың бір жерле­сі менің курсымда оқыған, староста болатын. Ол сол қызға Мұхамеди­ұлының көзіне түспеуді ескертіп жүреді екен. Жоғары курсқа барғанда олар оқиғаның қалай болғанын маған айтып берген. «Кездесулерге апарды, қашып құтылып кеттік», – дейтін. Ректор ондай «ұсынысты» талай қыздарға білдірген шығар. Олардың қашып құтылып кеткені дұрыс бол­ған, бірақ басқа талай қыздар оның дегеніне көніп, ол жөнінде айта алмай жүрген болуы да мүмкін. Қысқасы, мұндай қылықтар­ға барған адам министр болмауы керек».

Еңлік Сыдықова кезінде аталған академияда сабақ берген белгілі режиссер Болат Атабаевтың курсында оқыған екен. Болып жатқан оқиғадан хабардар болған, бүгінде Германияда тұрып жат­қан Б.Атабаев Е.Сыдықованы өзіне сын көзбен қарайтын ұстамды жан ретінде танығанын айта отырып, «Фейс­букте» бұл оқиғаға қатысты өз пікірін қалдырыпты.

«...Мұндай нәрселер сту­дент­тер мен ұстаздардың, кәсіподақтардың үнсіз көне беруінің кесірінен туындайды. Мен сені қолдаймын, Еңлік! Арыстанбек Мұхамеди­ұлы министр болуға лайық емес! Мен сенің ісің ол ләззатқұмардан жәбір көрген басқа да студент және әртіс қыздарға үлгі болады деп сенемін. Қорықпа!» – депті Б.Атабаев.

Министр сотқа жүгінетінін жеткізді

Ал Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы өзіне қатысты айтылып жат­андардың барлығын жала деп мәлімдеуде. Министр маған қарсы үлкен науқан ұйымдастырылып отыр дейді. Енді өзін ақтап алмақ мақсатында адвокат жалдады.

Министрдің қорғаушысы Ескендір Әлімбаевтың айтуынша, олар лингвистикалық зерттеу жүргізу үшін филологтардың жәрдеміне жүгініпті. «Арыстанбек Мұхамедиұлының өзін қорғауда қандай заңнамаларға сүйе­нетіні осы зерттеулердің нәтижесіне қарай шешіледі. Е.Сыдықованың мәлімдемесі шындыққа жанаспайды, оның әрекеті Мәдениет министрінің беделін түсіру үшін белгілі бір адамдар әдейі ұйымдас­тырып отырған істің бір бөлігі болуы мүмкін», – дейді Е.Әлімбаев.

Кешегі бейсенбіде Еңлік Сыдықованың да сотқа дайындалып жатқаны белгілі болды. Еңліктің қорғаушысы Гүлнәр Жуасбаеваның айтуынша, тағы да үш-төрт қыз ғаламтор арқылы Мұхамедиұлына қатысты мәлім­деме жасауға дайындалып жатқан көрінеді.

...Ал әлеуметтік желілерде көпшілік жұрт қалай болғанда да А.Мұхамедиұлының министрліктен кеткені дұрыс деген пікір білдіруде. Құзырлы орындар оның бұрынғы-соңғы істерін тексеруді бастады деп те айтып жатқандар бар.

Қысқасы, бұл даулы мәселе күн өткен сайын күшейіп келеді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ