Кеткен әкімге де, келген әкімге де сәттілік тілейміз

17.10.2016
Қаралды: 1111

 Таяуда ғана облыс әкімінің ауысқаны, бұл қызметке осыған дейін Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып келген Жансейіт Түймебаевтың тағайындалғаны белгілі. 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысын бір жылдан астам уақыт басқарған Бейбіт Атамқұловқа жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тізгіні тапсырылды. Әдетте мұндай ауыс-түйістерден соң ел ішінде оған қатысты пікірлер айтылып жататыны белгілі. Осыған орай көпшілікке «Кеткен әкім туралы қандай пікірдесіздер? Келген әкім туралы не білесіздер?» деген тұрғыда сауал жолдап едік. Оған біраз азаматтар үн қатыпты.

Бейбіт Қазыбеков: – Экс-әкім туралы жақсы ойдамын. Оңтүстікте керемет жобалар жасады, көптеген инвестиция тартты және Ашық әкімдік жобасы арқылы халықпен жақын болды. Ал жаңа әкімді министр, елші ретінде танимын. Жұмысын алдағы уақытта көрерміз. Жерлестік, рулық дертпен ауырмаса көптеген іс бітіре алатыны даусыз. Бұрынғы бас педагог ретінде білім саласын реттесе деймін. Қызметіне сәттілік тілеймін.

Фарида Төребай: – Кеткеніне де, келгеніне де Алла жар болсын деген тілек айтамыз. Одан басқа нәрсені айтқанмен не өзгереді? «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп атам қазақ дұрыс айтқан.

Ержігіт Мәліков: – Бұл азаматтар туралы өте жақсы пікірдемін.

Лия Егізбекова: – Оңтүстіктің білім саласында өркендеу, өрлеу болатыны анық.

Сабыржан Байбосынов: – Бір қалталының баласын танимын. Еркеліктің кесірінен жасы қырықтан асса да миллион табатын жобалар туралы әңгіме айтып, бірақ түк істемей жүре береді. Кейде тым аңқау. Бейбіт Атамқұловтың көзқарасы содан аумайтын. Бұл кісі де кейде қала әкімі ұсынған кейбір жобаларға, жолақының көтерілуіне рұқсат бере салды. Өте аңқау сияқты. Бүгінде әкімнің тағы ойыншық болды ғой. Билік халықпен санаспай бір адамды әкеле салады.

...Бұл азаматтар өз пікірлерін осылай білдіріпті. Әрине, бұл олардың жеке пікірлері. Пікір айтқандардың ішінде ізгі тілек, үміттер де, сын-ескертпелер де жүр. Олардың кеткен және келген басшыларға пайдасы болмаса, зияны тие қоймас деген ойдамыз.

Ал біз өз тарапымыздан үлкен лауазымды қызметтерге тағайындалып отырған бұл азаматтарға тек сәттілік тілейміз. Олардың жұмыстары нәтижелі болып жатса, елмен бірге біз де қуанамыз. Сондай сәттер көп болғай!

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ