Сіз «Меңдуана бабаны» білесіз бе?

11.10.2016
Қаралды: 1991

Түркістаннан Шәуілдірге барар тас жолдың сол жақ бетінде, 5 шақырымдай қашықта  «Меңдуана баба» деген әулие бар. Біз таяуда сол жерге барып, біраз жайларға қанығып қайттық.

Меңдуана бабаның шын есімі Сырлыбай екен. Ол  ХVІІ ғасырда Созақ өңірінде өмір сүрген,  емшілігімен, әулиелігімен танылған, дін уағыздаушы болған көрінеді. Өмірінің соңына қарай Әзірет Сұлтанды көріп жатамын деп Түркістанға барып, сонда қалған деседі. Шынында да бабаның кесенесіне  алыс­тан мұнартып «Әзірет Сұлтан» күмбезі көрініп тұрады.

Бұл кесенеге 2001-жылдан бері Зейнеп Бижан­қызы шырақшылық етіп келеді. Ол кісі жастайынан түсініксіз ауруға ұшырап, шипа таппай, ұзақ жылдар бойы қинал­ған екен. Дәрігерден де, емшіден де дауа таппағасын  «Арыстанбабтан» бастап, Түркістан маңайындағы, өзінің туған жері Созақ өңіріндегі біраз әулиелерді аралап шығады. Зияраттан соң ауруының беті қайтып, жағдайы жақсарғанын байқағасын біраз уақыт Түркістандағы «Гау­һар ана» кесенесінде қызмет жасайды. Осында жүргенінде бойы екі метрден асатын, үстіне ұзын шапан киіп, басына сәлде ораған, жүзінен нұры тамған бір кісі түсінде: «Ал, бауырым, енді шырағымды өзің жақ», – деп аян беріпті. Бұл кім болды екен деп сұрастырғанда айналасындағылардан осы маңайда Меңдуана баба деген әулиенің ескі кесенесі барын, ол жер қазір қараусыз жатқанын естиді. Содан оның кесенесіне шырақшылық етуге барады.

Алғашқы кезде мұнда су да, жарық та, жол да болмаған екен. Айдаладағы елсіз мекендегі әулиеге барушылар қатары сирек. Адам мен малдың ізінен пайда болған қара жолда жауын-шашынды күндері көлік те жүре алмайды.  Бірақ осы қиындықтардың бірде-біріне мойымаған, қиналып қашып кетпеген Зейнеп Бижанқызы бауырларының көмегімен құдық қаздырып, ағаш көшеттерін отырғызады, көгалдандырады. Бүгінде ол жер жайқалған баққа айналған. Кәсіпкерлер сол маңайдан жылыжай мен мал ұстайтын орындар ашып, сол жаққа қарай баратын асфальт та төселген. Кесененің жоғарғы жағында скважинадан атқылап тұрған жылы су бар. Талай сырқат жандар сол суға түсіп, шипасын көріп жатыр дегенді естідік.

Зейнеп апа енді зияратшыларға арналған жақсы үй мен мешіт салдырсам деп жоспарлап жүр. Жақын-жуықтарының көмегімен үйдің құрылысын бастап та жіберіпті. «Әр адам артында бір із қалдырып кетуі керек қой, мен осы жерді адамдар иманға келіп, рухани тазаратын орынға айналдырып кетсем деп армандаймын», – дейді ол кісі.

...Біз «Меңдуана баба» басынан бойымызға өзгеше жағымды қуат құйылғандай сергіп, жақсы сезімде аттандық.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ