Майданталда Шала атты бақсы болыпты...

11.10.2016
Қаралды: 1282

Өмірде кездейсоқ жолыққан адамдардан да талай жайлар жөнінде естіп жатамыз.  Соның көбіне аса мән бермесек, енді бірінің жадымызда қалып қоятыны бар.

Кешегі жексенбіде  Бейсен деген такси жүргізушісімен танысып қалдық. Ол өзі әңгімешіл жан екен. Біздің жөн-жобамызды сұрап алғаннан кейін өзінің жетісайлық екенін, бірақ түптері Түркістан жақтағы Майдантал ауылынан болатынын, Қоңыраттың ішінде Жетімдер руынан екенін айтты. Сосын атамыз бақсы болған адам деп бір қызық жай жөнінде әңгімелеп берді.

«Әкеміз Мырзашөлді игеру басталған кездері жұмыс бабымен сол жаққа қоныс аударған екен, – дейді Бейсекең. – Біз Жетісайда туып-өстік. Әкемнің елде бір інісі қалыпты, қазір ол  Майданталда тұрады. Ал тағы бір інісі кішкентай кезінде қатты ауырып, оны Ұлы Отан соғысынан қайтпаған бір ағасының әйелі емдетуге әкетіпті. Өзінің баласы жоқ болғандықтан мұны маған беріңдер деп ата-анамнан сұрап алыпты. Сол кісі тәрбиелеп өсірген ағамыз, яғни әкемнің інісі кейін Мәскеуде ішкі істер органдарында істеп, подполковник шеніне дейін өсті. Әкем оған көп көмектесуші еді. Мұның сырын бізге кейін, есейген шағымызда айтты.

Міне, сол ағамыз осыдан біраз жыл бұрын Майданталға келіп, ілгеріде өткен Шала атты бабамыздың басына ескерткіш белгі орнатуға мұрындық болды. Бабамыз – Шала деген кісі  өте қасиетті, белгілі бақсы болған екен, адам емдепті. Ол кісі өзінің қай кезде өмірден өтерін уақыт-сағатына дейін біліпті. Сол күні туған-туыстарының барлығын жинап, ризалығын алып, қазір бақи дүниеге аттанғалы жатырмын деп бақұлдасыпты. Қобызын алдырып, төрге ілгізіп қойған екен, сәлден соң жүрегі тоқтағанда қобыздан біразға дейін өз-өзінен күңіренген үн шығып тұрыпты.

Кейін ел ішінде жаңаша тәртіп орнап, жұрт отырықшылық күйге көшкен кезеңдерде сол бабамыздың сүйегі қойылған ескі мазарат қараусыз қалып, жылдар өте келе ізі білінбей кетіпті.

Жаңағы Мәскеуде қызмет істеген ағамыз бен туыстарымыз «осы маңда болған» деген шамамен «Нұрбұлақ» деген бұлақтың маңындағы сол мазарат орнын іздеп жүрсе, оларға жергілікті бір адамдар келіп жолығады. Мән-жайға қаныққан соң: «Шала бақсының жатқан жерін іздесеңдер, ол анау төмпешік болуы әбден мүмкін, – депті біреуі. – Себебі сол жерді басқан мал бірден құлап, ішек-қарны ақтарылып қалады. Уақ болсын, ірі болсын, біз жоғалған малымыздың кейбірін көбіне сол жерден ішек-қарны ақтарылған күйде табамыз. Мұнда бір қасиетті адамның сүйегі жатыр-ау деп шамалайтынымыз сондықтан».

Осыны айтқан кісілер жоғын іздеушілерді сол маңнан табыл­ған арабша жазылған шағын құлпытастар жиналған жерге ертіп барады. Қысқасы, не керек, туыстарымыз кейін сол аумаққа бабамыз Шала бақсының кесенесін тұрғызды.

Бір туысымыздың келіні бала көтергенімен үнемі жеті-сегіз айлығында тастап қоя беретін еді. Дәрігерлер оның сырын анықтай алмаған. Сонда ел ішіндегі бір тәуіп: «Шала деген бақсы бабаларың болған, соның қара қобызы бір туыстарыңның үйінде сақтаулы тұр. Сол қобызды үйіңе әкеп, төрге іліп қойсаң, мұндай күйден арыласың», – деген екен. Басқадай қандай сыры барын кім білген, сол кісілер тәуіптің айтқанын орындаған соң отбасыларында өмірге аман-есен балалар келіп, қуанышқа бөленді. Ақ шүберекке оралған сол ескі қобызды мен де бір рет көргенмін».

...Бейсен бауырымыздың бұл әңгімесі бізге ерекше әсер етті. Шала бақсы туралы тағы да білетіндер болса, ол жайында да жазсақ дейміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ