Ғаламторда жұлдыз болып жүрген әжей

11.10.2016
Қаралды: 2454

Бүгінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында тұратын Қарашаш Қадыр есімді апаны (суретте) ғаламтордағы әлеуметтік желілердің қолданушылары жақсы таниды. 

Ол кісі өз парақшасында жастарға ой салатын, тәлім-тәрбиесі мол дүниелерді жиі  жариялап тұрады. Бізге өткен аптада осы Қарашаш апамен әңгімелесудің сәті түсті.  Оған өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

– Қарашаш апа, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Мен 21 жасымда өзімнің сүйген жігітіме күйеуге шыққанмын. Ол екеуміз бір сыныпта оқыдық. Былайша айтқанда, махаббат партадан басталған. Ол мені айттырып, қалыңмалын төлеп әкетті. Қазір жасым 67-де. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің маманымын. 17 жыл ұстаз болдым, 17 жыл балабақшада жұмыс істедім. Оның 10 жылында меңгеруші болдым. Зейнетке шыққаннан кейін Алматыға барып, арнайы курс­тан өтіп келіп,  үш жыл психолог болып жұмыс істедім. Қазір үйдемін. Үш қыз, үш ұлым бар. Олар да оқып білім алған. Қолымдағы кенжем – Есентайым осыдан үш жыл бұрын жүрек ауруынан қайтыс болған еді. Қазір келінім қолымда, төрт баласы бар. Ол да ұстаз.

Отағасы екеуміз немере­лерді қызықтап отырған жа­йымыз бар. Ол кісі де кезінде мектепте физика мен информатикадан сабақ берген. Бүгінде зейнетке шыққан, дегенмен  гуманитарлық колледжде жұмыс істейді.

– Апа, ата-енеңіз болған шығар, олар қандай кісілер еді?

– Менде ене де, ата да болды. Бойжеткен қайын сіңлім, қайным, қайын апаларым болды. Енем қатал кісі еді, жарықтық. Былайша айт­қанда, ол кісі «бірде түйе, бірде бие» болатын. Менің істеген шаруаларым, тамағым ұнаған кезде сандықтан әдемі матаны алып, маған: «Мә, көйлек тігіп ки», – деп беруші еді. Бірден тіге қоймайсың ғой. Қандай сәнге саламын, қайтіп тігемін деп жүргенде екі-үш күн уақыт өтіп кетеді. Енем ашуланып: «Мен берген матаны ұнатпадың ғой!» – деп жұлып алып, қайтадан сандыққа тығып жібереді. Күйеуім: «Қасқа-ай,  ең болмаса пішіп қойсаң болады ғой. Ал, көйлектен айырылып қалдың!» – деуші еді.

Бір күні төркініме жылап бардым. Ауыл арасы алшақ болатын. Пойызбен баратын жер. Әкем күтіп алып, үйге кіргізді. Екі күнге дейін ештеңе демеді. Тумаларымды көріп, сағынышымды бас­тым. Үшінші  күні әкем шешем екеумізді түпкі бөлмеге шақырды. «Ал, қызым, сені жолдасың ұра ма?» –  деп сұрады. «Жоқ», – дедім. «Онда балағаттай ма?» – деді. Тағы да: «Жоқ», – дедім. «Сонда саған кім тиісіп жүр?» – деді әкем. Мен:  «Енем ғой. Менің баламды кемсітіп, тілдеді. Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылады», – дедім. Содан әкем біраз үндемей отырды да: «Әй, мен сені бір ақылды балам ғой деп жүрсем, ақылың шамалы екен ғой. Сен мектептен 10 жыл білім алдың, институтта 5 жыл оқыдың. 15 жылдық білімің бар. Жолдасыңның 15 жыл білімі бар. Екеуің 30 жылдық біліммен білімі жоқ бір кемпірдің тілін таппасаңдар маған не деп келіп отырсың? Бар, үйіңе кет! Қайтып маған мұндай әңгімемен келме!» – деді қатқыл үнмен. Содан қайтып үйге басымдағы келеңсіздіктерді айтып бармайтын  болдым. Шешем кетерімде маған мынадай ақыл айтты: «Күйеуіңе барған соң шайтан боласың ба, маймыл боласың ба, әртіс боласың ба, өзің біл. Әйтеуір үш жылға дейін күйеуіңнен таяқ жемеуге тырыс. Күйеуің даладан, жұмыстан келгенде тамақ ішіп болғанша әңгіме айтпа. Күйеуіңнің тумаларын, әке-шешесін ешуақытта жамандама, ол сенсіз де олардың қандай екенін біледі», – деген болатын. Мен оларды әрқашан есімде ұстап жүрдім.

– Өзіңіз де қызыңызға ақыл-кеңестер берген шығарсыз?

– Үлкен қызым 2-курста оқып жүріп күйеуге тиіп кетті. Одан балалы болды. Сол баласын алты айға толғанша күйеуі, қайынсіңлісі үшеуі студенттік  жатақханада бақты. Бала еңбектейтін кезде бағу қиын болып, ауылға әкелді. Сол жылы менің әкем де, шешем де қайтыс болған, өзім жұмыстамын. Олар баланы маған тастап, оқуларына қайтып кетті. Содан  әкемнің қырық  күндік асына құдағи келіп: «Ойбуй, құдағи, саған қиын болыпты ғой! Өзің жұмыстасың. Түйең де жоқ екен балаға сүтін беретін. Мен алып кетейін бе?» – деп рұқсат сұрады. Мен оған баланы беріп жібердім. Ертеңіне қызым телефон соғып, баласын сұрады.  Баласын  әжесі әкеткенін айтсам, қызым тулайды. «Неге бересің?! Саған бақ деп беріп кеттім ғой. Бар, әкел!» – деп қояды. «Әй,  ана күйеуіңе берші, түсіндірейін», – дедім. Сосын күйеу балама: «Анаған түсіндір. Мен сенің балаңды шешеңнен неге айыруым керек?» – десем, күйеу балам: «Біз баламызды сіз тәрбиелесін деп шешкенбіз. Олар жөнді тәрбиелемейді», – деп тұр. Содан қызыма ұрыстым. «Сен сол кемпірдің туған, тәрбиелеген баласын басқаларға теңестірмей, соған барып отырсың ғой әкеңді де, шешеңді де тастап. Сол кемпір сенің күйеуіңді тәрбие­легендей етіп балаңды да  тәрбиелейді. Енді бірдеңе деп сол кемпірден балаңды алып кетсең менің сендей қызым жоқ.Үйге келуші болма!»  – деп телефонды лақтырып тастадым. Содан бір айға дейін сөйлеспей қойдым. Бір айдан кейін әкесі: «Әй,  мына қызыңды ынтықтырмай сөйлессейші», – деген соң телефонды алсам: «Мама, әлі ашуың басылмады ма?» – деп тұр ғой.

Сонда мен қыздың дегенімен кетсем, ол енесін сыйлар ма еді? Сол қызым енесінің қолында 15 жыл тұрды. Құдағиым одан соң түскен келінді шығарып жіберіп, менің қызымды алып қалды. Үлкен келінімізді тәрбиелеген құдағиға рахмет деп әлі күнге дейін айтады.

– Әлеуметтік желілерді пайдаланып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– «Фейсбукте» жүргеніме 5-6 жыл болған шығар. «Инс­таграм», «В Контакте» желілерінде де бармын. «Уатсаппен» де хат алыса бе­ремін. Қартайдым деп өмір­ден қалып қойғым келмейді. Бәрі  керек. Мен немере бағып отырған әжемін. Олар­ға сабақ үйретемін, ақыл-кеңес беремін. Егер өмірге деген көзқарасым төмен болса, мен оларға не үйре­темін? Қолым боста кесте тоқимын, құрақ құраймын, немерелеріме киім тігіп, жыр­ты­ғын жамап беремін.Тұскиіз тігемін. Тоқуыш (бізбен де, ілмекпен де) тоқи беремін. Парақшама кіріп көрсеңіздер болады. Үй гүлдерін өсіремін. Ол да бар парақшамда. Далаға да гүл егемін. Аға­йынның той, құдайыларынан қалмаймын. Келіндерге лекция оқып тұрамын.  Аудандық кітапхананың белді оқырманымын. Қысқасы, қартайдым деп өмір ағымынан қалмай, уақыт көшімен бірге ілесіп келемін.

Сұхбаттасқан  – Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ