Демалыс аймағына ұқсайтын айрықша мектеп

11.10.2016
Қаралды: 1494

Жақында Шымкенттегі «Риксос Хадиша» қонақүйінде өткен «Ұстаздар күні» мерекесінде бірқатар мектеп директорларына ерекше құрмет көрсетілді. 

Сондай қошеметке бөленген білікті басшылардың бірі – қаланың «Асар» ықшамауданында орналасқан №89-шы мектеп-лицей директоры Қасымбай Атабаев (суретте).

Қ.Атабаев басқаратын білім  ордасында бүгінде 125 ұстаз еңбек етсе, оқушылар саны 1300-ден асады. Ұстаздардың басым көпшілігі – деңгейлік курстардан өткен,  мол тәжірибе жинағандар. Осы жерде Мира Сүлейменова, Фарида Байырбекова, Әмірхан Түкішев, Гүлзия Тұрабаева, Сәкен Көкеев, Айнаш Жүнісбекова және өзге де мақтауға тұрарлық ұстаздар өте көп.  Шаһардағы 129 мектептің ішінде бұл ұжым алғашқы ондықтың қатарында. Оған дәлел ретінде өткен оқу жылында түлектердің 70 пайыздан астамының жоғары оқу орындарына түскенін айтсақ та жеткілікті.

Бұл мектеп-лицейдің атағы бүгінде дүркіреп тұр. Қаланың «Достық», «Тұран», «Бозарық», «Қайтпас-2» ықшам аудандары мен Көмешбұлақтан,  тіпті қаланың өзге де түкпір-түкпірінен арнайы сонда барып оқитын шәкірттер өте көп. Себебі ол жерде оқушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылар осы жерде спорттың 16 түрімен айналысады, сондай-ақ олар жасаған ғылыми жұмыстар саны 100-ден асады. Одан бөлек, көптеген үйірмелер жұмыс істейді.

Жалпы, аталған мектеп-лицейге алғаш барған адам демалыс аймағына барғандай әсерге бөленері сөзсіз. Мектеп-лицейдің ауласы жеміс ағаштары мен алуан түрлі гүлдерге толы. Ұжым биылғы көктемде  қала әкімдігіне 25 мың түп гүлді ақысыз-пұлсыз сыйға тартыпты. Бірде білім ошағына ризашылығын білдіруге арнайы барған «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінің басшысы бұған қайран қалып, өз тарапынан тіпті автобус сыйлайық деген ұсыныс айтыпты. Алайда Қасымбай Атабаев мұндай ұсыныстан сыпайы түрде бас тартқан. Себебі ұжымның өз автобусы бар. Айтпақшы, осы жерде тіпті емдік шөптер де өсіріледі. Оқушылар бос уақытында емдік шөптерді өсіріп ғана қоймай, оны зерттеумен де айналысады. Ал жылыжайда қысы-жазы өсетін өнімдер алдымен өздерін, артылған жағдайда балалар үйлерін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Міне, Шымкентте осындай ерекше білім ордасы бар.

Б. ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ