Бір тонналық алып глобус жасаған

11.10.2016
Қаралды: 960

Алыс-жақын шетелдерден атамекенге қоныс аударған қандастарымыздың біразы Шымкенттегі «Асар» ықшам­ауданында тұрады. 

Дәл осы ықшамаудандағы 2012-ші ашылған 90-шы жалпы орта мектепте олардың балалары оқып жүр. Ашылғанына биыл төрт жыл ғана толған бұл мектеп содан бері тек алдыңғы орындардан көрініп келеді.

90-шы жалпы орта мектептің тізгіні Арман Орынбеков деген азаматтың (суретте) қолында. Бұл азамат орта мектепті 15 жасында,  ал жоғары оқу орнын 19 жасында бітірген. Директорлық қызметке дейін өзі еңбек еткен мекемелерде ол өзін тек жақсы жағынан көрсеткен көрінеді,

«Небәрі төрт жылдың ішінде талай табыстарға қол жеткіздік, – дейді Арман Шымбайұлы. – 2012 – 2013-ші оқу жылының қорытындысы бойынша мектебіміз қала бо­йынша бірінші орынға шықты. Абылай Әбдірайымов деген түлегіміз ҰБТ қорытындысы бойынша 110 балл жинаса, 108 балл алған Құралай Қантае­ва мен Перизат Тұрғынбаевалар «Үздік аттестат» иеленді. Осы оқу жылында оқушыларымыз Америка және Еуропа құрлығында, сондай-ақ Қытай, Оңтүстік Корея және Қытай мемлекеттері бақ сынаған «Математика жұлдыздары» атты халықаралық олимпиадада 6 медальді иеленді. Одан кейін жеткен жетістіктеріміз де өте көп».

90-шы мектептің аумағы атшаптырым жерді алып жатыр. Аулаға неше түрлі гүлдер отырғызылған, жеміс ағаштары өнім бере бастаған. Мектептің артқы жағындағы жылыжай да керекке жарап тұр. Оқушылар бұл жерде көкөніс түрлерін өсіріп ғана қоймай, оны терең зерттей де алады. Ал мектептің екінші қабатында тұрған алып глобус кез-келген адамның таңданысын тудыруы мүмкін. Салмағы бір тонна келетін алып глобусты жасауға мектеп мұғалімдері мен 300-ге жуық оқушы қатысыпты.

Өткен оқу жылы аяқталған соң мектеп директоры осы ауданда тұратын жұмыссыз жастардың бәрінің басын қосып, жоғары оқу орнына түсулеріне жағдай жасаған көрінеді. Екі ай бойы әлгі жастар осы мектепте мұғалімдердің көмегімен кешенді тест сұрақтарына жатпай-тұрмай дайындалған. Нәтижесі жаман емес, 70-тен астам қыз бен жігіт осы жылы жоғары оқу орнының студенті атанған.

А. КИІКБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}