Мемлекеттік тілге қатысты көзбояушылықтар тоқтатылсын!

10.10.2016
Қаралды: 1485

Қазақстанның күллі мемлекеттік ресми органдарында мемлекеттік тілге байланысты көзбояушылықтар орын алып отыр. 

Құжаттардың екі тілде жасалынуы көбіне көз алдау, тек есеп беру үшін ғана. Жасыратыны жоқ, орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деген желеумен құжаттар әзірлену барысында басымдық негізінен орыс тіліне берілген. Барлық құжаттардың түпнұсқасы орыс тілінде жасалады. Қазақшасы тек аударма түрінде ғана. Ресми орындар қазақшасына мән беріп қарамайды да. Мұның өзі мемлекеттік тілге қатысты көзбояушылықты одан әрі үдетіп тұр.

Іс жүзінде мемлекеттік тілге қатысты мұндай әрекеттер Конституция нормаларын бұзушылық болып табылады. Қазақстан Конституциясының 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі тұжырымдалып, 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Алайда «Қазақ тілімен тең қолданылатын» тілдің мемлекеттік мәртебесі (статусы) жоқ. Қазақстанда қазақ тілі мен орыс тілі қатар тұрса, мемлекеттік тілдің мәртебесі биік болуға тиіс!

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі бұған байланысты 2007-жылғы 23-ақпандағы №3 қосымша қаулысында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесі берілетінін білдірмейді» деп ашық та, айқын тұжырымдап берген.

Бұл – ресми анықтама. Яғни бұл Ақордадан бастап барлық мемлекеттік органдарда жарлықтар, нормативтік актілер, іс қағаздары, заң жобаларының түпнұсқасы мемлекеттік тілде жасалуы керектігін көрсетеді. Одан соң ғана қазақ тілімен қатар қолданылатын тілге аударуға, пайдалануға болады.

Бұдан шығатын қорытынды: Түпнұсқа құжаттардың ең алдымен орыс тілінде жасалуы – заңсыз! Ол Конституцияға қайшы! Заң жобалары, үкіметтік құжаттар жобасы ең алдымен мемлекеттік тілде жасалуы, одан соң ғана орыс тіліне аударылуы тиіс!

Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» екендігі баяндалған. Сондай-ақ Үкіметтің Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халық­аралық беделін нығайтуға міндетті екендігі айтылған.

Егер Үкімет отырысында мемлекеттік тіл пайдаланылмайтын болса, бұл да Тіл туралы Заңның үкімет тарапынан бұзылғандығы. Әрбір министр мемлекеттік тілді жетік білуге тиісті. Үкімет отырысының басында және соңында екі-үш сөйлем қазақша айтып, отырыс түгел орыс тілінде өтетін болса, бұл мемлекеттік тілді қорлау болып табылады. Үкімет мемлекеттік ұйым емес, ол – мемлекеттік орган.

Сондықтан біз Бақытжан Сағынтаев Үкіметінен ҚР Конституциясына, Тіл туралы заңға құрметпен қарауды, Үкімет отырыс­тарын қазақша өткізуді, Үкіметтен Парламентке жолданатын заң жобалары түпнұсқасының қазақша әзірленуін, сондай-ақ үкіметтік құжаттардың да түпнұсқаларының қазақша жасалуын талап етеміз! Мемлекеттік тілге қатысты көзбояушылықтарды солай ғана тоқтатуға болады!

 Марат ТОҚАШБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ