Пара берді деп айыпталған Амангелді Сопбековтің ісі сотқа өтті

10.10.2016
Қаралды: 1797

Осыдан біраз уа­қыт бұрын Шым­кент­тегі политехникалық колледж директоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты  Аман­гелді Сопбе­ковтің қолайсыз жағдайға тап болғаны мәлім. 

Қаржы полициясы ол кісіні облыстық білім басқармасының ла­уазымды тұлғасына 3 миллион теңге пара берген деп айыптаған болатын. Параны колледжге мемле­кеттік тапсырыс аясында берілетін гранттардың санын көбейту мақсатында ұсынған деп мәлімдеген еді.

Содан бері біраз уақыт өтті, бүгінде Сопбековке қатысты мәселенің мән-жайы қалай болуда? Ол қазір қайда? Ақталып шықты ма, әлде қамау­да отыр ма? Осы сұрақтарға жауап алмақ болып, Амангелді мырзаның өзіне хабарласқан едік. Алайда телефонынан «Байланыс аясынан тыс жерде» деген жауап алдық.

Дегенмен сенімді ақпарат көздерінен біраз нәрселер жөнінде білдік. Ол кісі бүгінде өз үйінде екен. Пара беру дерегімен қозғалған іске қатысты тергеу жұмыстары аяқталып, ол бүгінде сотқа өтіпті. Заң бойынша «қылмыскер» деп танылмағандықтан таяуда облыстық мәслихаттың сессиясына қатысқан көрінеді. Яғни ол кісі әлі депутаттық мандатынан айырылмаған.

Амангелді Сопбековке қатысты қылмыстық іс 11-қазан күні Шымкенттің әл-Фараби аудандық сотында судья Еркебұлан Төлешовтің төрағалығымен өтетін болады. Айта кетейік, ол Қылмыстық Кодекстің 367-бабы, 2-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Егер аталмыш бап бойынша кінәлі деп танылса, онда оның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айы­ра отырып, параның отыз еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін екен. Ал егер кінәсіз екендігі дәлелденсе, онда ақталып шығары анық.

Кешегі аптада А.Сопбековтің қорғаушысы Мәулен Мұсабековпен хабарласқанымызда ол кісі бізге аталмыш оқиғаға байланысты әзірге ешқандай пікір білдіре алмайтынын айтты. «Бір-екі сот процесі өткенге дейін ол кісіні мазаламайық. Себебі қазір айтқандары кейін сотта өзіне кесірін тигізуі мүмкін», – деді М.Мұсабеков.

...Біз өз оқырмандарымызды алдағы уақытта сот барысынан хабардар етіп отыратын боламыз.

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ