Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ауысты

07.10.2016
Қаралды: 1641

2016-жылғы 7-қазан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі ауысты. Облыс әкімі қызметіне Жансейіт Түймебаев тағайындалды.

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев – өзіміздің жерлесіміз, ол кісі 1958-жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін, сондай-ақ Мәскеу Мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген. Ғылым докторы. 1993 – 1994-жылдары Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, бөлім басшысы болған. 1997 – 1999-жылдары Президент Протоколы қызметінің бас сарапшысы, еліміздің Стамбұлдағы бас консулы, 1999 – 2004-жылдар аралығында ҚР Президенті Протоколының басшысы, 2004 – 2006-жылдары ҚР Президенті Протоколы басшысы – Президент кеңесшісі, 2006 – 2007-жылдары Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі болған. Кейін еліміздің Білім және ғылым министрі болды. Ал соңғы уақытта Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарып келді.

...Ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін 2015-жылдың тамыз айынан бері атқарып келген Бейбіт Атамқұлов Президент Жарлығымен жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды.

Осы орайда облысымызды бір жылдан аса уақыт басқарған Бейбіт Бәкірұлы Атамқұловтың өмірбаянына қысқаша тоқтала кеткен артықтық етпес.

Ол кісі 1964-жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербор Мемлекеттік экономика және қаржы  университетін тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Норильск тау-кен металлургия комбинатының жез балқыту зауытында балқытушы болып бастаған. Шымкент қорғасын зауытында еңбек еткен. Кейін  Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінде, түрлі өнеркәсіп орындарында жауапты қызметтер атқарған. 2006-жылдан бастап Ресейдегі Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі, Ирандағы Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі, Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулы, Малайзия, Индонезия Республикасы, Бруней-Даруссалам, Филиппин республикаларында Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі болған. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болып еңбек еткен.

...Біз бұл азаматтарға алдағы уақыттарда да абырой биігінен көріне беріңіздер деген тілегімізді білдіреміз.

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ