Қытайда өлім жазасы қалай орындалады?

04.10.2016
Қаралды: 1772

Қазақ елінде ауыр қылмыс жасағандарға, әсіресе педофилдерге өлім жазасын беру туралы халықтың бас­тама көтергеніне біраз болды. 

Көп жұрттың ондай ауыр жазаны қолдайтыны да белгілі болып қалды. Себебі, адамдық тұрғыдан алғанда, жазықсыз бірнеше адамның қанын төгіп немесе періште сәбилерді зорлап, қорлау – тек қана өлім жазасына лайықты! Ең әділ шариғат заңдарында да солай қарастырылған.

Қытайда оқып жүргенде өз басымнан өткен, көзіммен көрген бір оқиғаны баяндап берейін.

Бұл 1998-жылы мамыр айында болған еді. 18 жас­тағы кезім. Шешем екеуіміз аудан орталығынан ауылға қайтпақшы болып автобуста отырдық. Таңғы сегіз жарымның шамасы еді. Көшеден қытай полициясы көлігінің шуылдаған қорқынышты үні естілді. Бәріміз үдере қарадық. Алды-артын қызылды-жасылды машиналар қоршаған үсті ашық көлікке қолдарын қайырып байлаған, кеудесіне қылмыскер тақтайшасын ілген екі адамды аудан жұртына көрсетіп, аздан соң олардың атылатынын, соған халықты хабардар етіп жүргенін дауыс күшейткішпен жариялап, көшелерді айналдырып жүргендегісі екен. Былайғы елге бұл да бір үлкен ескерту, қылмыс жасаудан сақтандыру екенін бұрыннан білетінбіз.

Шуыл басыла көп өтпей біздің де автобус қозғалды. Ауданнан біздің ауылға асатын жолдағы алып қара таудың етегі бұрыннан жаза майданы болатын. Талай қылмыскерді сол жақтағы күре жолдың жиегіндегі алаңға апарып атып тастайтынын естіп жүретінмін.

Қаладан шыға бере зулаған автобус тау етегіне бірден жетті. Әлгі айтқан жаза майданына жақындағанда екі жақтан келетін барлық көліктің жолын жауып тастапты. Самсаған әскер мен полицей. Түстері тым суық. Иығына автомат асын­ған қартаң қытай сақшысы біздің автобусқа басын сұқты да, қазір қылмыскерлерді ату жазасы орындалатынын, жүрегі әлсіз емес, жаза барысын көргісі келетін жолаушылар болса барып көруіне болатынын ескертті.

18-ге келіп ойнақтап тұрған мен ондайдан қаламын ба? Шешемнің: «Барма ол жаққа!» – дегеніне қарамай атып шықтым. Менімен ілесе бірнеше қытай мен дүнгендер де түсті.

Жаза майданы өте суық, қорқынышты түске еніпті. Екі шұңқыр қазылып, оның дәл қасына манағы екі қылмыскерді тізерлетіп отырғызып қойған. Үстілеріне түрменің тар киімін кигізіп, арқасына, жүрек тұсына дөңгелек белгі қойылған. Біреуі қорыққанынан бұтына жіберіп қойыпты. Естері шығып, түрлері қидың күліндей бозарғаны анық көрініп тұр.

5 минуттай өткен соң тура сол жерге екі жабық көлік тоқтады да, ішінен қолдарына сыры көшіп, ескірген найзалы бесатар мылтығын ұстаған екі қытай әскері түсті. Жендеттер екенін білдім.

Тағы бірнеше минут өткен соң сот адамдары ақтық үкімді дауыстап тұрып оқыды. Сол кезде түсіндім, бұл екі қылмыскер ішкі Қытайдан Алтай жаққа жұмыс іздеп келген ақпалар екен. (Құжатсыз, тіркеусіз, кез келген жерде жүре беретін қытайларды жергілікті қазақтар «ақпалар» дейтін). Таудан алтын іздеп жүргенде мал бағып отырған киіз үйдегі екі қазақты, шалы мен кемпірін өлтіріп, тонап, қашып кеткен. Бір жыл бойғы іздеу арқылы ішкі Қытайға қашып кеткен жерінен барып, ұстап әкеліп, қылмыстары толық дәлелденген соң өлім жазасына кесіліп, жаза қазір орындалмақ екен.

Үкім оқылып, белгіленген сағаты мен минуты толған кезде ысқырықпен белгі берілді. Орындаушы екі жендет мылтықтарын серт ұстап, найзаларын шығарды. Жалау көтерілгенде қос қылмыскердің арқасына  түсірілген дөңгелек белгіге мылтық найзасын тіреді.

Ысқырық тағы бір шалынып, үкім оқушының қолындағы жалау кенет төмен түскенде «тарс» еткен қос мылтықтың дауысы қатар шықты. Сілтідей тынып, демін ішіне жұтып, үнсіз тұрған тау кеудесі солқ етті.

Сол сәттегі біздің жүректегі қорқыныш пен көңілдегі астаң-кестеңі шыққан дүлей сезімді тілмен еш бейнелей алмаспын. Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Бір қарасам, ажал құшқан екі мүрде алдарындағы қазулы орға маңдайларын тірей құлапты. Біреуі сол сәтте жан тапсырса керек, қимылсыз, сұлық жатыр да, екіншісі сәл жиырылып барып, ол да тым-тырыс қалды. Шұң­қыр­ға секіріп түскен заң дәрігері екеуінің кеуделеріндегі тостағандай етіп оқ тесіп шыққан тесікке құлағына таққан стетскопты тықты да: «Сы лы!» (өлді) деді.

Әскерилерде де, жолшыбай тоқтаған жолушыларда да үн жоқ. Бәрінің бойын ауыр қорқыныш билеген. Бәріміз түс көріп тұрғандаймыз.

Бұл жерде маған екінші соққы болып тиген тағы бір жағдай, содан аз күн бұрын ауылдағы ұсақ төбелестен 15 күнге қамалған таныс, ауылдас екі жігіттің қысқа сапты күрек ұстап, шұқыр маңында жүруі еді. Сөйтсем, алып кетер иесі жоқ екі қытайды сол жерге көме салу үшін алдарындағы екі шұңқырды аудандық түрмеден арнайы әкеліп, соларға қаздырған екен. Көметін де солар.

...Жолды жапқан әскер қоршауы сөгіліп, көліктердің өтуіне рұқсат берілді. Автобусқа таласа отырып, ауылға бет түзедік. Қолы қайырылып байланып, темір құрсауға түскен екі қылмыскер мен мылтық дауысы, шұқыр қазған екі жігіттің бойынан рухы ұшып кеткен жансыз бейнесі көз алдымда біржола қалып қойды.

Одан кейін де талай оқиғаның куәсі болдық. Ел болғасын қылмыс та болып тұрады. Біздің аудандағы өлімге үкім етілген қазақтар­ға қатысты жазаны орындап болған соң үйіне барып, әке-шешесінен немесе жақын туыстарынан оқтың ақшасы мен жендеттің ату ақысын да төлететінін естіп алғашында жағамызды ұстасақ та кейіннен ондайға таң­қалмайтын болдық.

...Үйге келген соң көзіммен көрген әлгі жайтты ауылдағы достарыма жыр қылып айтып бердім. Сол кезде өзімізше ұрлап сыра ішіп, ауыл тойларында кім-көрінгенге сүйкеніп жүретін біздер сол оқиғадан кейін сүтке тиген мысықтай болып жүретін әдет таптық.

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ.

Baq.kz

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ