13 жастағы інімнің қамқорлығы есімнен еш кетпейді

04.10.2016
Қаралды: 1244

Сонау 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңі ешкімнің есінен шыға қоймаған шығар. Дүкендерден тұрмысқа керекті заттар оңайлықпен табыла қоймайтын, 

керекті затыңды тапсаң, ақшаң болмайтын қиын кез еді ғой. Біздің ауылда қай көршінің үйіне барсақ та, өзіміз секілді қара нанның табылғанына шүкіршілік етіп отыратынын көретінбіз.

Ол кезде мен техникумда оқитынмын. Әкем қысы-жазы шаруашылықта жұмыс істейді. Бірақ еңбек­ақысы қолына уақтылы тимей, көп таршылық көріп өстік. Соның салдарынан інім 9-сыныптан кейін оқымады. Өзінен басқа отбасындағы алты адамды асырау үшін базарға шығып, сауда жасайтын. Ауылымызда адыраспан мен шағыр көп. Тамыз айында інім адыраспанды баулап, шағырды шауып, одан сыпырғы жасап, оларды қапқа салып, базарға әкетеді. Оның ақшасына үйге азық-түлік әкеледі. Інімнің саудаға ебі барын байқаған туысымыз бірер айдан соң оны жанына сатушы етіп алды. Ол шаруа­шылық заттарын сататын. Қысқасы, бір отбасының күнделікті керек-жарағын 13 жастағы інім тауып жүрді. 

Үшінші курста бізді  бір айға өндірістік тәжірибеден өтуге жіберді. Мен баратын тігін ательесі базардың ішінде екен. Маған қиын тигені кешке дейін жүретініміз болды. Себебі түскі ас ішетін ақшам жоқ. Кешке дейін қарын шұрылдап, көзім қарауытып кетеді. Жалғыз менің емес, жанымдағы қыздардың да жағдайлары солай.  

Бірде ательенің терезесінен көшеден өтіп бара жатқан інімді көріп қалдым. Жүгіріп, сыртқа шығып, қарным ашып тұрғанын айтып, ақша сұрап едім, онда да ақша жоқ екен. Шағын базарда сауда істейтін туысымыз інімді орталық базарға затқа жұмсапты, ол керекті заттарын алып қайтып бара жатқан беті екен. «Түу, сенде ақша болғанда қатып кетер еді!» – дегеннен өзге ештеңе айта алмадым. Ол үндемей кетіп қалды.

Сәлден кейін інім келіп тұр. Қолында бір тостақ тамағы бар: «Мә, жеп ал», – дейді маған. Мен оның екі-үш аялдама болатын жерден мен үшін тостақпен тамақ әкелгеніне риза болып қалдым.

Кейін туыс әпкем інімнің  сол күні орталық базардан көңілсіз келгенін айтты. «Не болғанын сұрап едім, сенің аш екеніңді жеткізді. Содан соң өзім түстен кейін жеймін деген тамақты саған беріп жібердім. Қабағы содан кейін ашылды», – деп күледі.

Одан кейін де бірнеше мәрте інімнен ақша сұрадым. Әйтеуір «жоқ» деп бетімді қайтарған емес. Әрдайым тауып беріп жүрді. Өзімше алған ақшаны оқуды бітіріп, жұмыс істеген кезде қайтарамын деп уәдені үйіп-төккеніммен, шыны керек, әлі күнге қайтарған емеспін. Інім «Кабус-намадан» оқып алған сөздерін айтып: «Қоя берші, қайтармай-ақ қой. Қыз деген мұңлық қой», – дейтін.

Інімнің қамқорлығын көрген сайын қазақ «Інісі бардың – тынысы бар» деп бекерге айтпаған екен деймін.

А. КЕРІМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on} 

Пікір қалдыру

1000 символ