60 жылдық кездесуде бір-бірімізді танымай қалдық

03.10.2016
Қаралды: 2400

Таяуда біздің өмірімізде бір ерекше оқиға орын алды. «Біз» деп отырғаным –  1956-жылы Ташкент облысының Орта Шыршық ауданына қарасты Сунақ ауылындағы Нариманов атындағы жетіжіылдық мектепті бітірген түлектер. 

Біз бұл мектептің табалдырығын 1949-жылы аттаған едік. Кластастар кездесуі 60 жылдан кейін сол мектеп қабырғасында  ұйымдастырылды.

Әрине, 60 жыл аз уақыт емес, мен өзім осынша уақыт бойы көрмеген достарымды әрең таныдым.

Бұл кешті кластасымыз Тасбау және сол мектепте 30 жыл директор болған, бізден үш класс төмен оқыған Қарахан ініміз ұйымдастырды. Кездесуімізге атсалысқан мектептің барша мұғалімдеріне рахметімізді айтамыз.

Кездесуге мен Шымкенттен бардым, Ташкентте тұратын Марат, Тасбау, Үмбет, қыздардан Ботакөз, Айткүл қатысты. Бізден екі-үш класс төмен оқыған Қарахан, Ағабек және олардың екі-үш  құрбылары қатысты.

Кездесу мектепте басталды. Әрбір сыныпқа кіріп, оқушылармен пікір алыстық, кабинеттердің ішкі жағдайын көрдік. Физика, математика, әдебиет, табиғат тану кабинеттерін, спорт залын араладық. Бәрі де қазіргі талапқа сай жабдықталғанын көріп, айрықша риза болдық.

Мектеп алаңына анайы үстел қойылып, бізге арнап оқушылар бірнеше тақпақ, өлеңдер оқып, өте риза етті. Біз де сөз сөйлеп, осыдан 60 жыл бұрын басымыздан өткен қызықты жайларды сөз еттік. Мен сол мектепке арнаған өлеңімді оқып бердім. Бәрімізге де кезегімен сөз беріліп, 75  жастағы аталар  мен әжелер есте қалған сол кездегі кейбір сәттерді әңгіме еттік.

Соғыстан кейінгі 1950-ші жылдарда барлық жерде жағдай өте қиын болатын. Бір байдың үйін мектеп етіп, жан-жағынан бөлме қосып, сонда оқығанбыз. Қыста пеш те жоқ, кластың ішін бөлме ортасына от жағып жылытатын едік.

Сол мектептің орнында қазір жаңа салынған орта мектеп бой көтеріпті. Барлық жағынан қазіргі талапқа сай, әр пәнге лайықталған бөлмелері, компьютер бөлмесі бар, бәрінің іші түрлі плакаттармен безендірілген. Бір сөзбен айтқанда, тек жақсы оқып, білім алу керек.

Кездесудің соңы орталықтағы дәмханалардың бірінде жалғасты. Кластастар емін-еркін сұхбаттасып, бір жасап қалдық.

Иә, өмір деген осы-ау. Сонау 1956-жылы 7-сыныпты бітіргендер биыл 75 жасқа толады. Енді 25 жыл өмір сүрсе, ол дегеніңіз – бір ғасыр. Мен барлық құрбы-құрдастарыма бір ғасыр өмір сүруді тілеймін.

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ