Қымбат емшінің құпиялары

03.10.2016
Қаралды: 2296

Атырау облысының Мақат кентінде Қымбат Дәулетова есімді әйел тұрады. Жерлестері оны керемет көріпкел деп мойындайды, әруақтармен тілдесетін адам санайды. 

Атыраулық оқырмандардан біз оның бойына жын қонған адамдарды емдейтінін естідік. Сондықтан Қымбат Аронқызына (суретте) хабарласып, өзімен тілдесуді жөн көрдік. Ол бізге мынадай қызықты жайларды айтып берді:

– Мен өзімді емшімін деп санамаймын. Дегенмен ауырған балаларды ұшықтаймын. Ал ересек адам болса ауырған же­рі­не қолымды тигізе отырып дұға оқимын. Сүйегі қақ­са­са, уқалаймын. Осы кезде алақанымнан ыстық жалын бөлінеді. Кімге қандай кө­мек керек екенін ғайыптан келіп, санама өздігінен құйылатын, түйсік арқылы тү­сі­нетін ақ­па­рат арқылы се­зінемін. Кей­біреуді қарағанда аян аламын.

Ал негізгі бағытым – әр­у­­­ақ­пен тіл­десу. Иә, мен бізбен қатар жанама өмір­де тіршілік етіп жатқан тылсым құбылысты көремін, олармен сөйле­семін. Олар маған адамның бойына жабысқан, жолына кедергі болған жұм­бақ құ­бы­лыс­­тардың себебін түсі­н­діреді. Мысалы, ісі алға басып, тасы өрге домалап, дәулеті артып отырған кей­біреу кенеттен ке­сірге тап болып, берекесі қашып, тап­қа­ны өзіне бұйырмай жатады. Ал кейбіреуді түсініксіз ауру айналдырып, дәрігерге барса дұрыс диагнозын таппай сандалады.

Маған осындай жағдаймен көмек сұрап келетін­дер көп. Мұндайда әруақтар әлемімен байланысқа шығып, сәт­сіздік пен кесірдің, аурудың себебін анықтаймын. Бұл өзі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қызық та құпия нәрсе. Олай дейтінім, әруақтар маған алдыма кім келе­тінін алдын-ала ескер­теді. Ал «аталары» жетелеп әкелген ұрпағының не үшін ауырып, берекесі қашқанын «ұғындырады». Мен осы екі әлем орта­сындағы елші ғанамын. Солардың аманатын ұрпағына жеткізу арқылы біріне құр­бандық шалу керектігін айтамын, екінші­сінің шамасы жеткенше аз-кем садақа тас­тауы керек болады, кейбірі үйінде иіс шығарады, мар­құмның жат­қан жеріне барып құран оқитындар да болады. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген сөздің дәл ай­тыл­ғанын осылай түсініп, түсін­діріп келе­мін.

– Сізге көріпкелдік қасиет өліп-тірілген соң қоныпты деп естідік.

– Ол рас. Осыдан жиырма бес жыл бұрын түсініксіз жайға тап болғанмын. Ауру да, сау да емес­, көңілім алай-дүлей, бір сәтте қуансам, артынша күй­зеліске түсетін күйге түстім. Әр жерім бір ауырғанда дәрігерге не деп түсіндіре­ті­німді біл­мейтінмін. Диагноз анықталмайды. Он жылға созылған осы арпалыста аурухана аралаумен қа­тар көптеген емші­лерге көріндім. Олар құран оқыса жел өтінде қалған қурайдай өзімнен-өзім теңсе­ліп, бір орында байыз таппай кетуші едім. Бұл жай 7-8 жылға созылды. Тағы бірде қиналып жатып түн­гі сағат үштің шамасында: «Бүйт­кенше өлгенім артық!» – деп күйіндім. Сол екен, аяқтарым жансызданып, бір қара күш табанымнан жоғары қарай көте­ре бастады. Тілге келе алмадым, ал жаным мұрнымнан шықты да, қимылсыз суып бара жат­қан денеме жоғарыдан қарадым. Артынша аппақ нұр құйыл­ған бір әлемге ендім. Иненің ұшындай да қара нүктесі жоқ жарық әлемде әр жерде топ болып, өзара шүйіркелесіп отырған адамдар бар екен. Арақты көп ішкеннен қайтыс бол­ған ауылдас бір жігіт бар еді, соны таныдым. Бір шетте бүк­те­тіліп жатыр. Көбелек сияқты ұшып төбесіне барып едім: «Апа, үйдегілерге айтшы, бұрын біздің үйде құран ұстаған үлкен адам болған екен, сол кісі ұрпағым жатқан жеріме келсін деп құран сұрап қиналып жатыр», – деді.

Сосын өмірден өткеніне  40 күн болмаған құда ба­ланы көрдім. Жақында өлген атасы бауы­рына басқан немересін қимай, сөй­лескісі келіп, рухы жақындағанда мұндай ауырлықты кө­тере алмаған бала жүрегі қысылып қайтыс бол­ған екен. Яғни атасы тап осы немере­сінен құран дәметкен.

Адам өлгенде рухы 40 күн екі ортада жүреді. Бұл кезде ұрпағы құран бағыштауды ұмытпауы керек. Әр­уақтар әр бейсенбі күні түсте ұрпағынан құран дәмете үйіне барып, жұма күні түсте қай­татыны түйсігіме құйылды. Ал ұрпағы құран бағыштап жүрсе оларды ауру мен басқа да бәле-жаладан қорғаштайтынын көзбен көріп келдім.

Содан не керек, үш сағаттан кейін қа­раңғы тұмандай болған әлемге кері қайтып, қайтадан өз тәніме қондым. Дәрігерлер менің өмірімді сақтап қалу үшін арпалысып жатыр екен, өліп-тірілгенімді олар да растады, медициналық кітапша­ма «клиническая смерть» деп жазылды. Содан бастап, міне, 15 жылдан асты, жанама әлемді де, адамның ағзасын да рентген сияқты емін-еркін көре алатын болдым.

– Ауруға ұшыраған ағза мүшесі сізге қалай көрінеді?

– Түсіндіру қиын. Оны тек ұғыну керек. Бірде пойызда келе жатсам, жанымдағы кісі ас ішпей, бүк түсіп жатыр. Алматыға барып тексеріліпті. Басының үздіксіз ауруын дә­рігерлер мида ісік бар, рак депті. Содан мазасы жоқ. Қараймын, ісік көрінбейді. Жанында құран дәметіп кезінде ілім жолын қуған арғы атасы тұр. Түйсікпен сол кісі жатқан жерге мал сойып, құран бағыштау керек, сосын екі самайын ұзақ жыл сақталған жылқы ма­йымен 14 күн сыласын деген ақпарат алдым. Оның аталары айтқан ақпаратты қабылдай алмағандықтан мидағы тамырлары тарыл­ғанын да біліп отырдым. Осыны істеген соң ол кісі құлан-таза жазылып кетті. Қазір үй-ішімен, тіпті туыстары да ауыра қалса маған келеді.

Кесел атаулының осындай медициналық және тылсым тұс­тары бар. Бірінен ем болмаған нәрсенің екіншісінен шипа болатынының сыры осында.

– Тылсымға қатысы жоқ ауруларды емдей аласыз ба?

– Көбіне жүйке дертіне шалдыққандар келеді. Ашушаңдық, күйзеліс, сарыуайым­ға салынып, еңсесін көтере алмай, өмір сүруге деген ынтасы жоғалғандарға жәрдем беремін. Талма, қояншық, шошыну, үрей басудың се­бебі мен емін анықтаймын. Бас аурулары, бүйрегі сырқаттар, жатыр қабынуы, бу­ын­ның қақсауын емдеп жүр­мін. Баладағы тіл-көзді кетіремін. Барлығында да Құранмен жол ашып алып, халық емі тәсілдерін қолданамын. Осылай әруақтар әлемі мен өзімді зерттеп келе жатқан адаммын.

– Олай болса, ғажап та жұмбақ ісіңізге береке тілейміз.

Қымбат Аронқызының байланыс телефоны – 8-705-468-29-60.

Сұхбаттасқан – Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ