Шымкент – киностудия ашуға лайық қала

03.10.2016
Қаралды: 1711

Шымкентте республикамыз бойынша тұңғыш рет балаларға арналған «Алтын сақа» облыстық кинофестивалі болып өтті. 

Оңтүстік Қазақстан облыс­тық мәдениет басқармасы мен «Оңтүстік-фильм» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада қазылар алқасының назарына 22 қысқаметражды және анимациялық фильмдер және әлеуметтік роликтер ұсынылған болатын. Бұл фестивальге жолдама алған туындыларға құрамында республикалық «Балапан» телеарнасының директоры Ләйла Сұлтан­қызы мен Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Аманкелдіқызы бар білікті мамандар қатысып, бағаларын берді.

Фестивальдің Бас жүлдесіне (300 мың теңге) Нұрбол Әбсеметовтің «Қуат» деп аталатын қысқаметражды фильмі лайық деп табылды. 1-ші орын (250 мың теңге) Дархан Нұртазаевтың «Айсұлу» қысқаметражды фильміне, 2-ші орын (200 мың теңге) Хамид Мүтәлиевтің «Қаһарман» қысқаметражды фильміне, 3-ші орын (150 мың теңге) Бақытжан Көшеровтің «Мен қор­қамын» деп аталатын қысқаметражды фильміне берілді.

Анимациялық фильмдер бойынша мыналар жеңімпаз деп танылды:

1-ші орын – Дариға Еркінбек пен Жұлдыз Өмірқұлова түсірген «Түлкі мен қырғауыл» мульфильмі. Сыйақысы – 250 мың теңге. 2-ші орын – Береке Жүнісовтің «Асар» мультфильмі. Сыйақысы – 200 мың теңге. 3-ші орын – Оңдасын Бөрібековтің «Наурыз» мульфильмі. Сыйақысы –  150 мың теңге.

Ал әлеуметтік роликтер бойынша бүгіндері жұртқа аты жақсы таныс болып қалған режиссер Серік Таласов түсірген «Жемқорлық» және «Жылдамдық» бейнероликтері ең үздік деп танылды.

Біз осы іс-шарадан соң «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Батырхан Дәуренбековті (суретте) сөзге тарттық.

«Біздің Оңтүстік өңірінде киноиндустрияны дамытудың алғышарттары бар. Режиссерлер, сценаристер, әртістер, бұл салаға қажетті мамандар өсіп келеді. Оңтүстіктен киностудия ашса да болады», – дейді Б.Дәуренбеков.

...«Оңтүстік-фильм» мекемесі директорының бұл сөзіне қосылуға әбден болады.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ