Анамыздың тілі өлуге айналғаны ма?

03.10.2016
Қаралды: 1411

Жақында Алматыда бір кафеге бардық. Тимирязев көшесінің бойында. Атакентке жақын маңда. 

Алдымыздан екі-үш даяшы қыз-жігіттер жапырлап шығып, «Здрастье!» деп амандасты. Бәрі де өзіміздің қазақтың қыз-жігіттері. Қазақша жақсы білмесе де орысша сөйлейді.

Әрине, біз оларға сын-ескертпе айттық. Сол кезде қасымызға олардың әкімшілері келді. Ол өзге ұлттың қызы екен. Орысшалап амандасты ол да. Оған да сын-ескертпе айттық.

Ал енді ең сорақысы содан кейін болды. Біз бір бос орынға жайғасып отыра бергеніміз сол еді, әлгі әкімші қыз бізге қызмет көрсетілмейтінін мәлімдеді. Тұп-тура солай деді. Қасында кафе қожайыны әйел бар. Ол да өзге ұлттың адамы.

Себебін сұрасақ, себебі біз ұлттық мәселені қозғаппыз-мыс. Сол үшін олар бізді полиция шақыртып ұстатқызып жібермекші екен. Немесе тез арада ол жерден табанымызды жалтыратуы­мызды талап етті...

Бұған қалай қаның қайнамайды?! Мұндай қорланбаспыз өмірде!

Бұл сұмдық емес пе, ағайындар-ау!

Өз жерімізде, өз елімізде жүріп неге осылайша аяққа таптала береміз? Бұған кімді кінәласақ болады?

Жалпы, соңғы кездері дәмханаға барсаң да, дүкенге барсаң да, қонақ үйге барсаң да жап-жас, әп-әдемі қазақ қыз-жігіттері алдыңнан шығып қарсы алады. Бірақ олар сенімен орысша амандасады. Жөн сұрасаң, орысша жауап береді. Сенің қазақ екеніңді көріп тұрып солай етеді.

Неге бұлай? Бұл қандай сән? Мұның соңы қайда апарады сонда?

Тіпті осы күні автобус кондукторлары да, пойыз жолсеріктері де, ұшақ стюардессалары да орысша сөйлейтін болған. Орысша білмейтін кондукторлар да орысша сөйлейді, тілдері бұралып.

Ең өкініштісі де сол, оларға сын-ескертпе айтып жатқан қазақты көп байқамайсың. Көбісі үндемейді. Тілдерін жұтып қойған адамдар сияқты.

Ау, не болдық сонда? Кім болдық сонда? Мәңгүрт халыққа айналып барамыз ба біз? Анамыздың тілі осылайша біртіндеп өлуге айналып бара жатыр ма?

Бұл үрдіс бара-бара күшейіп жатқан сияқты ғой, бауырлар-ау! Осыдан он шақты жыл бұрын­ғымен салыстырғанда тіпті кері кетіп бара жат­қанымыз анық байқалады ғой, ағайындар-ау!

«Қазақша неге амандаспайсыңдар?» деген сөзің үшін кірген жеріңнен сені қуып шықса, бара-бара ондайлар басыңды жарудан да тайынбас. Бізге керегі осы ма еді? Осындай тәуелсіздікті аңсадық па біз?

Бұл жағдайға кім кінәлі? Ол жағдай енді жөнделе ме? Оны кім жөндей алады?

Сіз осы сұрақтардың жауабын білесіз бе?

А. БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ