Әкімнің басына бөтелкемен ұрған кезде Қамытбек қарап тұрған ба?

03.10.2016
Қаралды: 1852

Бүгінде жұртшылық арасында кеңінен таралған әңгіменің бірі Шардара ауданында орын алған жағдай туралы болып тұр. 

Онда болған оқиғаны енді «жабулы қазан» күйінде қалдыру мүмкін емес. Өйткені одан жоғары жақтағылар да құлағдар болып, кінәлілердің алды «өз еркімен» жұмысынан кетіп те жатыр.

Жалпы, бұл атышулы оқиға осыдан бір айға жуық уақыт бұрын орын алған екен. 1-қыркүйек – Білім күнінде «Шардара» су қоймасының жағалауындағы бір демалыс аймағында аудан басшысы Арман Абдуллаевтың (суретте) атысуымен  мерекелік іс-шара өткен. Осы жердегі дастархан басында аудан әкімі мен Ғани есімді кәсіпкердің арасында ерегіс туып, сол кезде әлгі кәсіпкер әкімнің басын бөтелкемен ұрып жарған. Қазір бұл жай жөнінде айтып жүргендер де, жазып жатқандар да көп.

Біз аталған оқиғаның жай-жапсарын білмек болып аудан әкімдігіне бірнеше мәрте телефон шалған едік, тұтқаны ешкім көтермеді. Сосын жергілікті бір танысымыз­ға хабарластық.

«Басы-қасында болмағасын бірдеңе деу де қиын, – деді ол. – Жұрттан естігенімді айтайын. Аудандық білім бөлімінің басшысы «Алтын жағалау» демалыс орнында бастықтарға арнап дастархан жайыпты. Дастархан басында аудан әкімі мен Ғанидан басқа қазіргі аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев пен облыстық мәслихат хатшысы Қамытбек Айтөреев те болыпты. Сол жерде аудан әкімі мен Ғанидың арасында ерегіс орын алыпты, екеуі жағаласып қалған, сол кезде кәсіпкер әкімнің басына шөлмекпен қойып жіберген. Жұрт бұл ерегіске Бұлтбай мен Қамытбектің де қатысы бар десіп жүр. Менің айтарым осы».

Естуімізше, аса қолайсыз жағдайда қалған аудан әкімі Арман Абдуллаев бүгінде оқиғаның қалай орын алғаны, оған не себеп болғаны жайлы нақтылап арыз жазып бере алмай отырған көрінеді. Ал оған қол көтерген кәсіпкердің жоғары жақта мықты арқасүйері бар деседі. Бұл да жай сөз емес сияқты, өйткені білдей аудан әкімінің басын жару екінің бірінің қолынан келмек түгілі ойына да кіріп-шықпайтын іс қой.

Бүгінде бұл оқиғаның басы-қасында болған басшы азаматтардың бірқатары қызметтерінен өз еркімен кетуге арыз жазыпты деп естідік. Бірақ оларды тып-тыныш жібере салған да дұрыс болмайды-ау. Өйткені мұның астарында көп сыр жатқан болуы әбден мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желіде бұл атышулы оқиғаның орын алуына «тендер кінәлі» деп жатқандар да жоқ емес. Халық оқиғаның себеп-салдары егжей-тегжейлі ашып айтылғанын қалайды. Ал ол жабық күйінде қалса, жұртшылық арасында түрлі алыпқашпа сөздердің таралуына себеп болары сөзсіз.

Ал сол кезде...

Бізге сенімді ақпарат көздері арқылы келіп жеткен деректерге қарағанда, жақын күндері облыстық мәслихаттың сессиясы өткізілгелі жатқан көрінеді. Ол сессияда басқа да мәселелермен бірге күн тәртібінде мәслихат хатшысының қызметіне қатысты да шешім шығады екен.

Әрине, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі ғой...

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ