«Чип-чипті» айтатын әнші асабамен не үшін төбелесті?

03.10.2016
Қаралды: 1558

«Мария Магдалена» атты хит әнмен халық арасында танымал болған әнші Асхат Тарғынов таяуда бір тойға қызмет көрсету үшін барып, 

соңында Айбек Қоңырбаев деген асабамен төбелесіп қалды. Тойдағы төбелесті әлдекімдер таспаға түсіріп, ғаламторға салып жіберген.

Бұл бейнежазбадан Асхат Тарғыновтың асабамен әлденеге келісе алмай қалғанын анық байқауға болады. Мәселені алдымен сөйлесіп шешпек болған Асхат Тарғынов бірнеше секундтан соң асабаның кеудесінен итереді, оған шыдай алмаған асаба Асхаттың бетінен ұрады. Өз кезегінде танымал әнші асабаның арт жағынан келіп, жағасынан тартып жерге құлатып, оған жұдырық жұмсайды.

Бүгінде бұл оқиға көпшіліктің қызу талқысына түскен. Біреулер асабаның тірлігін құптаса, енді бірі Асхатты жақтап жатыр. Ал тағы біреулер мұны жұрт назарын өзіне аудару үшін жасалған «пиар» деп бағалауда. Ал шын мәнісінде кикілжің неден туындады? Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Біз мұны алдымен әнші Асхат Тар­ғыновтан сұрап білмек едік, бірақ оның телефоны сөндірулі болды. Ал оның Нұрман есімді көмекшісімен тілдескенімізде одан: «Шынымды айтсам, мен ол күні Асхаттың жанында болмадым. Сондықтан оған байланысты ештеңе айта алмаймын. Асхат та қазір журналистерге жауап бермейді. Уақыты жоқ», – деген жауап алдық.

Ал асаба Айбек Қоңырбаевқа телефон соққанымызда, ол бұл оқиға жөнінде былай деді:

«Бұл оқиға 21-қыркүйекте, Алматы қаласындағы мейрамханалардың бірінде болды. Ол ешқандай да ойдан құрастырылған нәрсе емес. Негізінде әр тойдың бекітілген бағдарламасы болады. Мен сол бағдарлама бойынша жүргізуге міндеттімін. Өйткені той иелерінің талабы бойынша Асхат келісілген 4 әнді екінші тамақ желініп жатқанда айтуы тиіс болған. Ал ол тойға кешігіп келгенімен қоймай: «Мен асығыспын, ертерек әнімді айтып кетуім керек! Екінші тойыма баруым керек» – деп бас салды. Намысыма тиетін сөздер айтқан соң кеудесінен итеріп жібергенім рас. Мен де оны ашумен балағаттадым. Бірақ оны артымнан келіп тарпа бас салады деп ойламадым. Шынымды айтсам, әлгі тойдың соңы осылай келеңсіз аяқталғанына қатты өкінемін».

Айбек асабаның сөзіне сенсек, төбелес орын алса да той тарқамапты. Сыртқа шығып, мәселені одан әрі талқылаған екеуін Асхат Тарғыновтың жақтас­тары ажыратып, сосын Асхатты ертіп кеткен.

«Көйлегім жыртылды, – дейді Айбек Қоңырбаев. – Сыртқа шығып, киімімді ауыстырып алдым да, тойды одан әрі жалғастыра бердім. Ал Асхат әнін сол күйі айта алмай кетті. Бақытыма орай, той иелерінің түсінігі мол екен, маған төлеуі тиіс 300 мың теңгені түп-түгел қолыма берді».

Сол оқиғадан кейін әнші мен асаба әлі сөйлеспепті. Дегенмен бұл жағдай олардың танымалдығын одан әрі арттырған сыңайлы. Асабаға хабарласып, тойына шақырушылар көбейіпті.

А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ