Облыстық филармонияда ауыс-түйіс болды

03.10.2016
Қаралды: 1485

Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясында кадрлық ауыс-түйіс орын алды. 

Аталмыш мекемені бұған дейін басқарып келген Әбдіхан Нұрмағанбетов қызметінен босады. Ал бұл орынға директордың қызметін уақытша атқарушы болып Нұрсәт Бейсеқожаев есімді азамат (суретте) келді.

Ол 1986-жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын композитор мамандығы бойынша тәмамдаған. Күйшілікпен айналыс­қан. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрімен бірлесе жұмыс жасаған. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Соңғы уақытта филармонияның ішінен ашылған Сүгір атындағы ұлт аспаптары оркестрінің директоры болып қызмет еткен.

Ал филармонияны бұған дейін басқарып келген Әбдіхан Нұрмағанбетовке енді қандай қызмет ұсынылмақ? Оның алдағы жоспары қандай?

Біз мұны өзінен сұрап білмек болып, хабарласып едік, ол былай деді: «Қазір Шымкент қаласында емеспін. Іссапармен басқа жақта жүргендіктен атқарған қызметім, одан босатылуым жайлы сіздерге телефонмен айта алмаймын. Бір айтарым, біраз уақыт демалуым мүмкін. Нақты немен айналысатынымды алдағы уақытта өздеріңізге сұхбат беріп, айтатын боламын».

Біз жаңадан қызметке тағайындалған азаматқа сәттілік пен абырой тілейміз. Ал филармонияны бұған дейін басқарып келген жерлесімізді де далада қалдыра қоймас деп ойлаймыз.

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ