Сенім пункттері сенімді түрде жұмыс істей бастады

27.09.2016
Қаралды: 738

Бүгінде ел арасында есірткіге тәуелді адамдардың, сондай-ақ ВИЧ инфекциясын жұқтырған жандардың бар екені белгілі. Олардың емдеу-сауықтыру мекемелерінің назарында болуы маңызды.

 Сондықтан бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар көп.  Бұл жөнінде бізге Шымкенттегі  «Ай-ана»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсенбек Әлтенбаев айтып берді.

«Ай-ана» қоғамдық бірлестігі биылғы мамыр айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы  аумағында есірткіге тәуелді азаматтарға арналған сенім пункттерін  ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келеді, – дейді Д.Әлтенбаев. – Бұл жұмыстар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шегінде іске асырылуда. Қаржыландыру көзі жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда облыс аумағында 11 сенім пункттері ашылып, жұмыс жүргізіп  отыр. Атап айтатын болсақ, олар Мақтаарал ауданының Мырзакент елді мекенінде, Сайрам ауданының Ақсукент ауылында, Төлеби ауданында, Сарыағаш, Арыс, Кентау қалаларында бар. Ал Шымкент қаласында  олар «Ворошиловка», «Зеленая балка» аталып кеткен аумақтарда, 112-ші орамда, 8-ші шағынауданда, «Қайнарбұлақ» саяжайында орналасқан.

Осы сенім пункттерінде  жұмыс жүргізілген 4 ай ішінде 6725 есірткіге тәуелді азаматтар  қамтылған.

Ал сенім пункттерінің көрсететін қызметтері мынадай:

- Бір мәрте қолданылатын шприцтерді стерильді шприцтерге ауыстыру, мүшеқаптар, ақпараттық білім  беру  материалдарын тарату, пайдаланылған  шприцтерді жинау және залалсыздандыру орталығына жөнелту; АИТВ инфекциясын, вирустық  гепатиттерді, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыру қаупін төмендететін мінез-құлық  қалыптастыру туралы ақпараттар беру; АИТВ инфекциясы мен ЖИТС мәселелері бойынша  тестке  дейінгі  психикалық-әлеуметтік  консультациялар  жүргізу; АИТВ инфекциясына тегін және анонимді тестілеуді ұйымдастыру; Медициналық  ұйымдарға білікті және мамандандырылған  медициналық көмек алу үшін  жолдама беру.

Сенім пункттері еріктілік, құпиялылық және анонимдік  қағидаттарды қатаң сақтай  отырып  қызметтер көрсе­теді. «Ай-ана» қоғамдық  бірлестігінің сенім  пункттерін ұйымдастырудағы мақсаты – халықтың осал топтары арасында АИТВ инфекциясының  таралу қарқынын  төмендету, сондықтан осы аталған жұмыстардың жүргізілуін қадағалау тікелей облыстық СПИД-тің алдын алу орталығына жүктелген.

Облыстық СПИД оралығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов бұл мәселеге қатысты былай дейді:

«Ай-ана» қоғамдық бірлестігі 2015-жылдан бері «Сенім пункттерін  ұйымдастыру» туралы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруда. Бірлестіктің жұмысын қадағалау тікелей біздің құзырымызға жүктелген. Арнайы бекітілген кесте бойынша біздің мамандар ай сайын Сенім пункттерін аралап, әдістемелік-ұйымдастыру көмектерін көрсетіп, әлеуметтік қызметкерлерге ақыл-кеңестерін айтып отырады. Осы аталған Сенім пункттерінің қызметкерлерін СПИД орталығының базасында біздің мамандар Денсаулық сақтау министрінің №115 бұйрығына сәйкес арнайы оқытып, сертификаттар беріп отырады. Профилактикалық шаралар нәтижесінің айқын көрсеткіші: тіркелген АИТВ-жағдайларының ішінде инемен есірткі тұтынушылар үлесін 2001-жылғы 92,5 пайыздан  2016-жылдың 8 айында 13,4 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді».

«Ай-ана» қоғамдық бірлестігін осал топтар арасына тарату құралдарымен   (шприцтер, презервативтер) облыстық СПИД  орталығы қамтамасыз етеді екен. Сенім пункттері сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Сенбі, жексенбі күндері – демалыс.

«Егер де Сенім пункттерінің қызметін керек ететін азаматтар болса, бұл қызмет олардың аты-жөні, мекен-жайы көрсетілмей, анонимді, қатаң құпиялықта жүргізілетінін тағы да растаймын», – дейді Қ.Маширов.

Қ. ТЫНЫШТЫҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ