Ақылың мен ақшаң болса ақысыз ем алмассың-ау

27.09.2016
Қаралды: 898

Арнайы маманға қаралу керек болып, емханаға барғанмын. Құжынаған адам, жылаған бала. Көзін тапқандар қабылдауға кезексіз кіріп, мен сияқты тәртіптілері отырғаны сол сызылып. Жүйкем жұқарғанын айтпаңыз!

Үш сағат кезек күтіп, өліп-талып дәрігерге жеткенімді қайтейін, жөнді қараған да жоқ, медициналық кітапшама адам түсініп болмайтын бірдеңелерді асығыс-үсігіс шимайлап-шимайлап, қолыма ұстата салғаны. Теріме симай, шырт ете түскенімді өзім де байқамай қалдым.

«Мына жазбаны мен түсінбеймін, оқып беруіңізді өтінемін!» – дедім. Дәрігер жақтырмай тыржаң ете беріп, мына бәледен тезірек құтылайын деді ме, оқыды. Сөйтсе, ана жерін қарадым, мына жерін қарадым, бәрі дұрыс депті, тағы бір құрылғымен тексерілуге кеңес берем деп жазыпты.

«Ана жерімді де, мына жерімді де қараған жоқсыз. Бәрі дұрыс екенін қайдан білдіңіз?» – демеймін бе таңқалып. Анау жұлып алғандай: «Қазір қараймын», – деді де, жалма-жан ана жер, мына жерімді шұқылаған болып: «Тура мен жазғандай екен», – дегені!

Ойпырмай, бұрын-соңды мұндай «көріпкел» дәрігерді көрсем көзім шықсын! Алдымен нәтижесін жазып қойды, одан кейін қараған сыңай танытты, онда да «қысыммен». Хош деп қойыңыз.

Әлгі құрылғыға тексеріле қоймақ болып келесі кабинетке барсам... Сұмдық-ай, сізге өтірік, маған шын, 20 адам кезекте тұр! Дәрігер кешігіп жатыр екен. Жұрт «әне келеді», «міне келедімен» тағатсыздана тыпыршиды. Түс ауғалы қашан. Қарным ашып, берекем қаша бастады. Қой, мына құрылғысына жеткенше талып жығылармын деп 3335 теңге төлеп, ақылы кабинеттегі құрылғыға қаралып шықтым.

Енді осы нәтижемен манағы 3 сағат күткен «бесплатный» дәрігерге қайта барып, қабылдауға жеткенше тағы қанша сағат сарғаярымды бір Құдай білсін. Емханаға келіп емделмек түгілі ажалымнан үш күн бұрын өлетін шығармын. Құрып кетсінші! Денсаулықтан аяйтын не бар?

Тағы 3000 теңгемді қиып, ақылы маманға қарала салдым. Ол 8 түрлі ем-шара белгіледі де, 70 мың теңге төлеп, 10 күн бойына күндізгі стационарда емделуге кеңес берді. Үйге қайтып бара жатып қарасам, таңертеңгі 3 сағат күтіп зорға кірген дәрігерімнің алдында ешкім жоқ, босап қалыпты. Кәсіби әуесқойлығым ұстап кетті де, көрейінші, бұл не дер екен деп алдына кіре салдым. Ақылы дәрігерге қаралғанымды, оның сегіз түрлі ем-шара белгілегенін айтпадым.

Әлгі өзі жіберген құрылғының нәтижесін қолына ұстаттым да, қайтер екен деп әрекетін бақтым. Кітапшама үш түрлі ем жазды.  Ақылы дәрігер – сегіз түрлі ем, ақысызы үш түрлі ғана ем белгіледі. Сонда мен қайсысын қабылдауым керек? Қайсысынікі дұрыс? Таңертеңнен бесінге дейін аштан теңселіп жүріп анықтағаным осы болды ма?

Аш адам ашушаң келеді деген рас-ау, шамасы, айдап отырып бас дәрігерге бардым. Ол жоқ, орынбасары орнында екен. Бірі – ақылы, екіншісі ақысыз түрде қабылдайтын бірдей екі маманның екі түрлі ем-шарасын көрсетіп: «Қайсысын қабылдауым керек?» – деп сұрап жатырмын.

Орынбасар миығынан бір мырс етті де: «Денсаулығыңыздан ақшаңызды аямасаңыз, ақылы дәрігер белгілеген емді қабылдайсыз. Ол сізге жан-жақты емдік әсері бар, тиімділігі жоғары кешенді ем-шара белгілеген. Ақшаңыз болмаса, тегін дәрігер жазып берген емді қабылдайсыз. Ол сізге мемлекет кепілдік беретін қаражаттың стандартына сәйкес ем-шара белгіледі», – деді.

Мен емнің ақылы-ақысыз болуы медициналық қызметтің сервисіне байланысты деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол емдеу тиімділігіне де байланысты екен. Ақшаңыз болса, жан-жақты емделесіз де, қалтаңыз тесік болса, «жайдақ» емдей салады екен. Тегін емдеу сырқаттың уытын ғана қайтарып, қалғанын Құдайға аманат еткендей болады деп кім ойлаған?

Толыққанды ем алдық деп мәз боламыз ғой біз бейбақ. Иә дегенің, иегіңіз қышымай-ақ қойсын! Мен де ауырайын деп ауырды деймісіз, былтырғы велосипед соққан оқиғаның зардабынан әлі толық құтыла алмай жүрмін. «Обшым», ең дұрысы – ауырмау екен.

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ