«Ақбикешке» уақытша қаптама кигізілді

27.09.2016
Қаралды: 956

Созақ ауданының Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақ­сүмбе елді мекеніндегі «Ақбикеш» мұнарасы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілгені белгілі.

Тарихи деректерде оны ХІІІ ғасырда Дешті-Қыпшақ  тайпасы қарауылдық мұнара ретінде салғаны туралы жазылған. Мұнара биік жерде орналасқан. Кезінде биіктігі 24 метр шамасында болған қарауылдық мұнара қазіргі таңда 13 метр жобасында. Осы күнге дейін  табиғат әсерінен жартылай бұзылып, төбесі мүжіліп, қабырғаларын жаңбыр шайып келген. Сан ғасырлық тарихы бар жәдігерге осы уақытқа дейін белгілі себептермен бірде-бір жөндеу жұмыстары жүргізілмей келді.

«Ақбикеш» мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін құны 26 миллион 710 мың теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалды. Алайда мемлекеттік арнайы бағдарлама қарастырылмауына байланысты жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мүмкін болмай отыр. Осыған орай аудан әкімдігінің бастама көтеруімен   төзімділігі берік арнайы материалмен қаптама тігіліп, уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы ерекше көңіл бөліп, қажетті техникалармен қамтамасыз етті.

Қазіргі таңда «Ақбикеш» мұнарасын сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілуде.

Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ