Алданғандар мен арбалғандар

27.09.2016
Қаралды: 2088

Белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың бастамасымен  2013-жылы «АНА ҮЙІ» қоғамдық қоры құрыл­ған болатын. 

Содан бергі үш жыл ішінде еліміздің 18 қаласында қолындағы жаңа туған нәрестелерімен бірге қиын жағдайда қалған жалғызбасты жас аналар­ға арналған 24 баспана ашылды. Осы қысқа мерзім ішінде дағдарыс орталығы қабырғаларында 1780 жас ана көмек пен қолдау тапты.

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша екі үй осындай қызмет атқарады және осы үйлерді меценат Дін­мұхаммет Ыдырысов қаржыландырады. Біз барған  үй  2015-жылдың ақпан айын­да ашылыпты. Сол уақыттан бері бұл үй  қиын жағдайда қалған 89 жас анаға көмек көрсеткен. Қазіргі таңда бұл үйде 16 әйел мен 14 бала тұрады.

Өзі асырауға бел буып отыр 

Бізге сырын ақтарған 22 жастағы Аяулымның (суретте) мұнда келгеніне жеті  айдың жүзі болып қалыпты. 10 жасында анасынан айырылып қалған ол жетімдер үйінде тәрбиеленген екен. Оны колледжде оқып жүргенде  жатақханада бірге жататын құрбысы әпкесімен таныстырыпты. Ал ол Аяулымды  інісімен таныстырады. Сосын олар шаңырақ көтерген. Алайда бір ай өткеннен кейін-ақ ол түрлі мінездер көрсете бас­тапты.

«Саған үйленгеніме өкіне­мін, ұсқынсызсың, сөзіңді сөй­лейтін ешкімің жоқ деп кемсітетін, қол жұмсайтын. Ұлым әкесіз өспесін деп оның көрсеткен қорлығына шыдап бақтым.  Сөйтіп жүргенімде тағы да бала көтеріп қойғанымды білдім. Бірақ одан әрі шыдап жүре беру мүмкін болмады. Баламды алып, оның үйінен кетіп қалдым. Оның бұрын үйленгенін, әйелімен заңды түрде ажыраспай жатып мені алғанын, кеткен әйелінде бір баласы барын да кейін білдім. Күйеуім мен қалада жүргенімде әйелімен қайта жарасыпты, әйелі сол аралықта бала көтеріп үлгеріпті.

Ал босануға айы-күнім  жақындағанда күйеуім қалаға мені іздеп келді. «Қадіріңді енді білдім, сенімен тұрамын. Анау әйелімді қуып жібердім. Мені кешір! Өзгердім. Енді ұрып-соқпаймын», – деп кешірім сұрады. Мен оның сөзіне сеніп,  қайтадан үйіне бардым. Ұлымның жөргекпұлы мен бір жасқа дейінгі жәрдемақысын өзі алған, қызымды босанғаннан кейін де құжаттарды өз атына рәсімдеді. Бірақ оның өзгердім дегені бекер екен, бұрынғы күйіме қайта түстім. Төрт жыл бірге тұрдық. Ақыры онымен бірге өмір сүре алмайтыныма көзім жеткесін ол үйден кеттім. Бірақ олар ұлымды алып қалып, өзімді жабылып ұрып қуып шықты. Қызымды да бермейміз деген еді, мен оны тастай құшақтап қатып қалған соң ештеңе істей алмады. Кейін білдім, ол әйеліне кетсең мен жас қыз аламын деп ерегісіп маған үйленген екен» – дейді Аяулым.

Ол бізге ұлын жеті айдан бері көрмегенін, түн баласына кірпігін іле алмай, ұлын сағынып жылайтынын, сондайда жүрегі шаншып, ауыратынын айтты.  Мұнда келгеннен кейін баласын алу үшін осындағы қызметкерлердің көме­гімен сотқа арызданған екен. Бүгінде сот шешімі шығып та қойыпты. Енді баласын бауырына алатын күн де алыс емес. Бұл жерден шыққаннан кейін не істейсің, қандай жоспарың бар деген сұрағымызға ол: «Осындағы қыздармен бірге пәтер жалдап тұрайық деп ақылдасып жатырмыз. Мамандығым бо­йынша жұмысқа тұрып, екі баламды өзім асыраймын», – деп жауап берді.

Ақшасына қызығыпты

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың тағы бір құрбаны – Айнұр есімді келіншек. Оның тағдыры да оңай өрілмепті.  

«Бірінші күйеуіммен алты жыл бірге тұрдық, – дейді ол. – Бірақ арамызда бала болмады. Күйеуім де, ата-енем де тым жақсы жандар. Бала таппадың деп көңіліме тиген емес. Алайда күйеуім маған білдірмей біреумен көңіл жарастырған екен, ол аяғының ауыр екенін айтып үйге келген соң мен үн-түнсіз кетіп қалдым. Күй­еу­іме де ренжіген жоқпын, себебі ол ұрпақ жалғастыруы керек қой. Сөйтіп бір фирмаға сауда өкілі болып жұмысқа тұрдым. Дүкендерге зат таратып, ақша жинайтынмын. Менің уыс-уыс ақша ұстап жүретінімді қазіргі күйеуім сыртымнан көреді екен. Сөйтіп ол менің бұрын тұрмыста болғаныма қарамастан үйленді. Бір айдан кейін одан аяғым ауырлады да, мен жұмысты тоқтаттым. Алты жылдан бері сәби сүюді армандап келген мен оны аман-есен өмірге әкелуді ойлағанмын. Алайда күйеуіме менің ана болғаным емес, оның асыраушысы болғаным керек екен. Оны да кейін білдім. Үш-төрт айдан кейін күйеуім Алматыға кетіп, үйге келмей қойды. Енем үйге қайт деп қоңырау шалса, мен кетсем ғана қайтатынын айтыпты. Ал менің төркініме қайтып барғым келмеді. Себебі бірінші күйеуімнен ажырағанда інім қатты ренжіген, оған қоса өгей шешеммен сиыспайтынымды білдім. Босанғанша жүре­тінімді айтып едім, енем өзінің бетін өзі тырнап, шашын жұлып, әпкелері жабылып ұрып, мені үйден қуып жіберді. Сөйтсем күйеуім маған өзін анасымен, әпкеле­рімен қосып бағады деп үйленген екен. Оны жанжал үстінде енем айтып қалды».

Қоғамдық қор қыз­мет­керлерінің көмегімен Айнұр да алимент өндіру үшін сотқа арызданыпты.

Жүкті етіпті де, безіп кетіпті

Ал 21 жастағы Рая (есімі өзгертілді) тұрмыс­қа шығып, онымен екі-үш ай ғана бірге тұрып, ажырасып кетіпті. Себебі күйеуі ішкілікке салынған. Содан кейін қалада жұмыс істеп жүргенінде әжептеуір мекемеде жұмыс істейтін бір жігітпен танысып, жақын араласады. Ол бұрын үйленбеген, Раядан екі жас үлкендігі бар екен. Үйленетінін айтып, уәде берген жігіт мұның жүкті екенін білгенде теріс айналады. Некесіз бала көтер­геніне намыстанған қыз үйіне қайтып оралмапты. Баласының әкесінен алимент өндірмек болып сотқа арыз жазғанында ол бұған келіп кешірім сұрап, қызметте көтерілуіме кедергі келтіресің деп соттан арызын алуын өтінген. Баласы екеуіне былайша да көмек­тесетініне сенген Рая арызын қайтып алғанын айтады. 

...Біз барған «АНА ҮЙІНІҢ» үйлестірушісі Гүлмира Қожахметова: «Біз 18 – 30 жас аралығындағы баласы бар, жалғызбасты аналарға көмек береміз, заң­герлік, психологиялық кө­мек көрсетеміз. Мұндай үйлерге көбіне күйеуі күн көрсетпейтін әйелдер мен жігітінен алданып қалған қыздар келеді», – дейді.

Ол кісі мұндағы аналар мен балаларға қайырымдылық көмек көрсеткісі келетін адамдар болса, қол ұшын созуларына болатынын жет­кізді. Мәселен, өткен Құрбан айт­та мешіт қызметкерлері 30 кило ет беріпті. Сондай-ақ жас нәрес­телер мен олардың аналарына киім беретін кісілер болса, қуана қабылдайтыны да жомарт жандардың естерінде болса екен.  

 Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ