Рустам-ака ұлағатты ұстаз, ғалым адам болатын

27.09.2016
Қаралды: 1906

Шымкенттік емші Арафат Сүлейменқызы Юлдашеваның есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Ол кісінің шарапатын көріп, дертіне шипа тапқан, өмірде жолы ашылған жандар республикамызда көптеп саналады. 

Міне, осы Арафат апаның Құдай қосқан қосағы, өмірлік серігі Рустам-ака Нарқұловты да біз жұртқа сыйлы, ізгілігі мол, кішіпейіл, пайым-парасаты жоғары жандардың бірі ретінде білетінбіз. Осы абзал азамат таяуда кенеттен науқастанып, төсек тартып көп жатпай-ақ бақи дүниеге аттанып кете барды. Арафат апа өзімен 46 жыл бірге ғұмыр кешіп, өмірдің ыстық-суығын бөліскен ардақты жарынан айырылып, қайғы жамылып қалды.

Рустам аканың жасы 70-те болатын. Ол кісінің төлқұжатындағы аты-жөні – Аманқұл, көпшілік жұрт Рустам деп атап кеткен.

Рустам Нарқұлов 1946-жылы Шымкенттің іргесіндегі Сайрам кентінде тұратын көпбалалы отбасында өмірге келген, осында мектеп бітірген. Сосын Ташкентке барып, Низами атындағы педагогика институтына оқуға түседі. Бұл кісілер осы институтта оқып жүріп танысқан, екеуі де оның физика-математика факультетін бітірген. Кезінде екеуі жас мамандар ретінде Ташкент ядролық институтында бірге жұмыс істеген.

1987-жылдан бастап Рустам-ака жұмысын Шымкентке  ауыстырыпты. Ол осы жылы Шымкент педагогика институтында физика-математика ғылымдары бойынша кандидаттықты қорғайды. Ал 1990-жылы отбасын Шымкентке  көшіріп әкеліпті. Ғылым жолындағы ізденістерінің арқасында Рустам ака кейін доцент атағын алады. Ядролық институтта жұмыс істегені себепті зейнеткерлікке 51 жасында шыққанымен еңбектен қол үзбей, кейінгі кездерге дейін Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде бірінші санаттағы маман ретінде студент­терге сабақ берді. Ұжымдағы оқытушылар мен студенттер ол кісіні өз ісіне адал, білікті маман ретінде таныды, сыйлады.

Рустам ака мен Арафат апаның отбасында Шахло, Наргиз, Шахзодбек, Шерзодбек есімді ұл-қыздар өмірге келген. Ата-анасы оларға жақсы тәрбие беріп өсірді, жоғары білімді маман болып шығуларына, өмірден өз орындарын табуына жағдай жасады. Ол кісілер осы перзенттерінен бірнеше немере сүйді, оларға ардақты ата, аяулы әже болды.

«Рустам көп сөйлемейтін, мінезі салмақты жан еді. Ешкімге дауыс көтермейтін. Отбасына жайлы, балаларға үлгі болды. Ол студенттердің де дұрыс білім алуына ерекше көңіл бөлетін. Кейде сабақ оқымайтындардың ісіне қатты қынжылып та жүретін еді», – дейді өзінің жары туралы Арафат апа.

Міне, берекелі әулетке басшы болып, өнегелі ғұмыр кешкен Рустам Нарқұлов осындай  жақсы азамат еді. Біз ол кісінің қайтыс болуына орай отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Құдайым ол кісінің алдын жарық, иманын өзіне жолдас еткей!

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ