Пиджак сатылды ма?

27.09.2016
Қаралды: 1282

Қайрат Нұртастың арт-директоры Лаура Сейітбековамен әңгімелесіп болған соң біз Қазыбек Дарханбайға телефон соқтық. Одан хабарласушылар көп пе, пиджакты сатып алатын адамдар табылды ма деп сұрадық.

«Сіздерге рахмет, менің жай-күйіме алаңдап, газетке жазғандарыңызға, – деді Қазыбек. – Пиджак туралы мақала жарық көргелі бері телефоныма хабарласушылардың саны күрт көбейді. Әрқайсысы әртүрлі пікір айтады. Шамамен күніне 10 адам хабарласса, соның 9-ы өзіміздің туыстарымыз боп шығады. Арасында: «Не көрінді соншама, газетке жарнама беріп?! Пиджак сатып денсаулығыңды емдететіндей сен соншалықты бейшара адамсың ба?!» – дейтіндер де табылды. Шынымды айтсам, олардың сөзі менің жүйкеме қатты әсер етуде. Кейде осы нәрсені бекер бастадым ба деп те ойланамын. Енді мен мынадай шешім қабылдап отырмын: Егер пиджакты алатын адам табылса, одан түскен қаржының біраз бөлігін маған қарағанда сырқаты ауыр кісіге көмек ретінде ұсынбақпын».

Қазыбекке біз: «Ешкімнің пікіріне құлақ аспа! Ең бастысы, сен бұл қадамға денсаулығыңды түзету үшін барғалы тұрсың. Сондықтан оған бола өзіңді өзгелерден кем тұтпа!» – деп ақылымызды айттық, тезірек сауығып кетуіне тілектестігімізді білдірдік.

А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ