Мектепте де мектеп бар меселіңді қайтарар...

27.09.2016
Қаралды: 1226

…Ертеде елге сыйлы, өте бай отбасы болыпты. Олардың жан дегенде жалғыз ұлы, мұрагері өсіп, мектепке барар жасқа келгенде ата-анасы оған мектеп қарас­тырыпты. 

Барлық қала, ауылды жағалап, ең-ең деген білім ошағын іздепті. Бірінің ғимараты  әдемі болса, бір мектеп білім беру сапасы жағынан жоғарғы деңгейде, ал бір мектептің ұстаздары жас, шет елден оқып келген өте сауатты, ал бір мектептің орыны қымбат болған екен. Ақыры таңдау жасай алмай, ол жұмыс­ты үйіндегі көпті көрген ақсақалға тапсырады.

Ақсақал үстіне жұпыны киім киіп, түрін ретке келтірмеген күйде мектеп аралауға шығады. Ол ұлдың ата-анасы сияқты мектептің ішіне кіріп, директорлармен сөйлеспейді. Тәсілі қызық еді. Ол мектеп ауласына кіріп, оқушылардың қоңырауға шыққанын күтіп босағада отыратын. Сонда бір мектептің оқушылары оны балағаттап, тепкілеп, итергіштеп қуса, екінші мектептің оқушылары тас лақтырып, мазақтайды. Ішінші мектептің оқушылары маңайына жоламай, мұрындарын жауып өтеді, көрмеген сыңай танытады. Осындай тірлікті көрген қария «бәрі түсінікті» деп, үн-түнсіз бұрылып, кетіп қалады екен.

Осылайша көптеген мек­теп­терді аралап, үміті тау­сылуға шақ қалған ақсақал соңғы мектептің табалдырығына отыра кетеді. Сол сәтте: «Ата, сізге су керек пе?»,  «Бір жеріңіз ауырып тұр ма?», «Дәрігер шақырайық па?», «Жаурадыңыз ба? Міне, менің жейдемді жамыла тұрсаңыз...» деген бір топ оқушылар ақсақалды қоршап алып, абыр-сабыр күйде алаңдаушылық танытады.

Оқушылардың кішіпейілдігі мен адамгершіліктеріне риза болған ақсақал мектеп директорын шақыруды сұрайды. Мектеп директорына осындай керемет шәкірттер тәрбиелегеніне ризашылығын білдіріп, өзін таныстырып өтіп: «Мектептерің керемет екен!» – деп немересін осы мектепке бергелі келгенін айтыпты. Сонда директор:  «Ақсақал, қателесесіз. Біздің мектеп керемет емес. Сынып іші тар, жиһаздары ескі, оқушылар да өте көп. Көбі аз қамтылған, кедей отбасынан шыққан балалар. Қалада басқа да бай, әдемі, зәулім мектептер бар ғой», – десе: «Оқушыларға қарап мектептің білім деңгейі мен ұстаздардың көргенділігін, тәрбиесін аңғаруға болады. Бұл мектепте кеудесіне нан піскен, байлыққа, атаққа құныққандар емес, шынайы өмірге, шындыққа тура қарайтындар ұстаздық етеді екен. Ризамын! Осындай мектептер көп болсын!» – деп өз таңдауын жасаған екен.

Р.S: Бұл – аңыз, әрине. Қазір мектепті олай таңдамайды. Маған да әкем ақ тер-көк тер боп мектепті таңдап берген жоқ. Ауылдағы жалғыз мектепке берді. Жақсы болсын, жаман болсын, әркім санасына сіңіргенше, өз деңгейінде қажетті білімді алды. Әңгіме басқада!

Былтыр Астана қаласын шарлап, қазақ мектебін іздеген едім. Қоңырау шалсам, қазақ мектебінің өзінде орысша сөйлеп, қазақ тіліндегі сұрағыма орысша жауап беріп көңіліме кірбің түсіріп еді.

Қазіргі заман басқа, талап басқа. Астанада «прописка» маңызды. «Пропискаң» бір жерде, өзің басқа жерде тұрсаң, ой-й-й, құрыдың дей бер.

«Прописка» бойынша №5 гимназияға баруымыз керек еді. Директоры: «Қайда барсаң, онда бар!» – деп қуып шықты. Әлеуметтік бөлім «прописка» бойынша әр үйді аралайды ғой, сол кезде «спискаға» ілікпей қалғандықтан тұрғылықты жерімізді дәлелдей алмадық.

Содан жылап-сықтап басқа мектептер іздедік. Ій маңында бір қарапайым мектеп бар еді, маған ұнамады. Бүкіл бұзықтық, қылмыс, суицид сол мектептен шығады, қызымның болашағына алаңдағандықтан оған бермедім.

Абырой болғанда, қызымыздың жұлдызы жанып, Астана қаласындағы ең беделді мектептің бірі – №31 мектеп-гимназиясына 98 балмен өтіп, қазір 1 «А» сынып оқушысы атанды! 

Қадамың құтты болсын, құлыным!

Айшат УӘЛИОЛЛА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ