Нобель сыйлығы лауреаттарының туындыларын қазақша сөйлеткен

27.09.2016
Қаралды: 1582

«Жақсыда жаттық жоқ» дегенді атам қазақ текке айтпаса керек. Тіршілікте жүздеспесе де тілдесу арқылы-ақ туыс көңілге ұштасып кететін жандар болады. 

Марал Хасенов – мен үшін сондай жандардың қатарынан. Менің Марал ағамен таныстығым шығармашылық арқылы басталған болатын.

Менің баспа бетіне жарияланған әңгімемді Марал ағаның қызы Тоғжан оқып, ұнатып, орысшаға аударыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын ағаның жары Рымбала апа телефон арқылы хабарласқанда таңқалған едім. Бұрыннан таныс адамдай бауырына тарта сөйлейтін апаның ашық-жарқын мінезі тәнті етті. Апамен тілдесе келе Марал ағаның шығарма­шылығымен таныса бастадым. Оның Нобель сыйлығы иегерлерінің шығармаларын аударғанын естігенде пьесаларыма аударма жасауына ұсыныс білдірдім. Екі пьесама аударма жасады.

Аракідік хабарласқанымда асықпай сөйлеп, аз сөзбен көп жағдайдан хабардар ететін парасаты терең қаламгермен әр сұхбатым өз алдына бір академия. Ол кісімен сөйлесе қалған жағдайда тұмадан саф таза су ішкендей жаным рахаттанатын. Парасаты мен мейірімі үнінен ескен ағаның Рымбала апаны әзіліне тиек ете отырып жағдай сұрасатыны, шығармашылығыма берген бағасы, сөз соңында беретін батасы – бәрі-бәрі есімде.

...Екінші пьесамның аудармасына азын-аулақ ақша салып, ағаға телефон шалдым. Азғантай ақшама қысылып тұрмын. Мені тыңдай сала: «Саяжан-ау, апаң екеуміз Парижге жол тартқалы отырғанда мынауың қырғын көмек болды ғой!» – деп жас балаша қуанышын білдірген еді. 80 жасқа толғалы жатқанда балаларының қолдауымен Францияға барғалы жатқанын айтқанда ол елді неге таңдағанына таңданыс білдірдім. Сәл жөткірінген аға: «Саяжан-ау, әлемді тәнті еткен француздың аруларын өз көзіммен көріп қайтайын деп едім», – деп әзілдей жауап бергені күні кешегідей. 

Рымбала апа ғаламторға Марал ағамен француз елінде түскен суреттерін жариялап тұрды. Апа екеуінің ғұмырдарияда ескекті қатар ескен тату-тәтті сыйластығын танып, бірге қуанасың.

...Қаралы хабар жеткенде ғажайып жанмен жүздесіп үлгермеген күйкі тіршілігіме өкінгеннен басқа амалым қалмап еді. Рымбала апаға телефон шалып, қайғыға ортақтығымды білдіргенімде ол кісі маған ағаның бірнеше кітабын естелікке беріп жіберетінін айтты. Содан қолыма Марал ағаның үш кітабы жетті.

Неткен еңбек?! Шығармашылық жолын «Орталық Қазақстан» газетінен бастаған қаламгердің тұсында ашылған «Саяси күнделік», «Әлемде не әңгіме?», «Саясаткер келбеті» деген айдарлармен берілетін желісі әлі күнге үзілмей келеді екен. Ана тілінен өзге, орыс тілінде жасаған аудармалары телегей-теңіз дерсің. Нобель сыйлығы лауреаттарының туындыларын қазақша сөй­леткен аудармаларын көргенде еріксіз тәнті болдым. Иван Буниннің «Зұлматты күндер», Эрнест Хемингуэйдің «Килиманджаро қарлары», Альбер Камюдің «Үнсіздік», Ясунари Кавабатаның «Сәулеленген Ай», Элиас Канеттидің «Конфуций өзінің сұхбаттарында» сынды аудармалары басылған кітабының соңында: «Жарты ғасырдан астам қаламымды жаныма серік ете жүріп, кейінгі уақытта тек әдеби тәржімеге көшкен едім. Солардың ең шоқтығы биік туындылары ретінде осы аудармаларымды менің еңбегімді түсіне және бағалай білетін оқырмандарыма өзімнің 70 жылдық мерейтойымдағы алдарыңызға тартқан шығармашылық есебім ретінде қабыл алыңыздар»  деп жазған екен асыл аға. «Демек, одан бері де жасаған аудармаларының арасында менің де туындым бар» деген ой демеуінен толғана отырып, теңізге тамған тамшыдай болса да осы естелігімді жазғым келді.

...1945-жылы Жаңаарқа ауданының 5-ші ауылында (бүгінде Байдалы би ауылы) өмірге келген Марал Хасенов бала күнінен оқуға зерек болып, орта мектепті алтын белгімен бітіреді. Күйбең тіршілікте қамқорсыз қалатын анасын ойлап, алысқа оқуға түсуге кете алмай, ауыл айналып қалуға мәжбүр болады. 1963-жылы «Жаңаарқа» – «Новая степь» атты екі тілде шығатын аудандық газетке корректор болып жұмысқа қабылданған Марал аға аз уақыттың көлемінде газеттің жауапты хатшысы дәрежесіне жетеді. Қаламгерлік жолына көз сала қарасаң, жауапты газеттерде жауапты хатшының орынбасары болумен «Ақадыр таңы» – «Агадырьская новь» қостілді газетінің тұңғыш редакторы болғанын оқығанда ерен еңбек жолына еріксіз тәнті боласың. Өмірде басты ұстанымы – қара қылды қақ жара шындықты айту!

Марал ағаның қайсарлығы өз алдына бір дастан дерлік. Ерлан Төлеутаевтың: «Хас журналист мақала жазғанда қаламының ұшын жүрек пен миға кезек-кезек тіреп отырып жазады» деген бір ауыз сөзінен қаламгердің күллі болмысын тануға болғандай. Замандасымыз Төрехан Май­бас өзінің естелігінде: «Маралмен жарты сағат әңгіме-дүкен құрған адамның жан байлығы кәдімгідей тасып қалады. Академиялық білімі бар деп айта алмаймын, алайда энциклопедиялық білімі баршылық. Аузы дуалы. Ел бірінші «не айтыпты?» десе, іле-шала: «Марал не айтыпты?» дейтін. Қазақ, орыс қаламгерлерін түгел қотарды десем, біреу сенер, біреу сенбес...» деп Марал ағаның ел алдындағы қадір-қасиетін тілге тиек ете отырып, әдебиет әлеміне деген шексіз махаббатына назар аударады. 

Мен Марал Хасенов аға­ның шығармашылық да­рия­сының жағалауынан қасық­пен ғана су іштім десем болардай. Еркін бойлаған оқырманына берері мол қа­ламгердің мәңгілік өмірге аттанғанына өкіне отырып, топырағы торқа болсын деп тілек білдіремін.

Жаның жәннатта болғай, Марал аға!

Сая ҚАСЫМБЕК, драматург.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ