Қайрат Нұртас Қазыбекке көмектесе ме?

27.09.2016
Қаралды: 1546

«Замананың» кешегі аптадағы нөмірінде «Қайрат Нұртастың пиджагын 450 мың теңгеге сатпақшы» деген тақырыпта мақала жарық көрген еді. 

Онда Қазыбек Дарханбай есімді шардаралық жігіттің бір кездері Қайрат Нұртас­тың өзі сыйға тартқан концерттік костюмді мұқтаждығына байланысты сатуға бел буғаны жөнінде жазылған.

Аталған мақала жарық көргелі бері біздің редакцияға телефон соғып, өз пікірін білдірушілер көп болды. Олардың көбі: «Бұл пиджакты расымен Қайрат Нұртастың өзі сыйлаған ба?», «Қайрат Нұртастың табысы жақсы емес пе, мүмкін ол Қазыбек бауырымызға қаржылай көмек көрсететін шығар?» деп өз ойларын білдірді. Біз осыдан кейін танымал әнші Қайрат Нұртастың өзімен сөйлесіп, бұған байланысты пікірін білмек болдық. Алайда әнші Қырғызстанда гастрольдік сапармен жүргендіктен біздің сұрағымызға оның арт-директоры Лаура Сейітбек жа­уап берді.

– Лаура, 2015-жылдың 24-мамырында Қайрат Шардара қаласында концерт берген екен. Сол кез есіңізде ме?

– Әрине, Қайрат өткізген әрбір концерт менің есімде.

– Сол кеште Қайрат үстіндегі пиджагын Қазыбек есімді жігітке сыйға тартқан екен...

– Иә, ондай болған. Сол көріністі таспаға түсіріп, біраз телеарна жаңалықтардан да көрсеткен еді.

– Құпия болмаса, сол пиджактың құны қанша еді? Қай жерден сатып алып едіңіздер?

– Оны өзіміздің «KN» тігін цехының мамандары тіккен. Сондықтан оған кеткен шығынды біз есептемейміз. Бір айтарым, пиджактың түсі – ақ, Сол иығында «Сваровски» тастарымен тігілген барыстың бейнесі бар еді. Оны не үшін сұрап тұрсыздар?

– Біздің айтпағымыз, әлгі Қазыбек дейтін жігіт Қайрат сыйлаған пиджакты 450 мың теңгеге сатпақшы. Айтуынша, емделуі үшін 450 мың теңге көлемінде қаражат керек екен. Сіз бұған байланысты не айтар едіңіз?

– Не айтамын, Қайрат оны шын жүрегімен сыйлады. Енді ол пиджак Қазыбектікі. Сондықтан оны сатады ма, жоқ өзге біреуге сыйлайды ма, ол оның өз шаруасы деп есептейміз.

– Қайрат Нұртас Қазақстандағы ең бақуат, табысты әншілердің бірі ғой. Бәлкім, Қазыбек бауырымызға қаржылай көмек көрсетер...

 – Енді ол былай ғой… Қайрат қайырымдылық жасаудан ешқашан қашқан емес. Мұқтаж жандарға қол ұшын созғанды жөн көріп тұрады. Бірақ онысын әлеуметтік желілер немесе ақпарат құралдары арқылы жарнамалағанды аса жақтырмайды.

Шынымызды айтсақ, бүгінде Қайраттан көмек сұрайтындардың қатары өте көп. Мәселен, менің телефоныма қоңырау шалған 100 адамның 90 пайызы көмек сұрап хабарласады. Бірақ әр нәрсенің өз шегі болатыны сияқты, көмек сұрау­дың да жөн-жосығы болуы керек. Қайрат түгілі бүтін бір мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсетуге қауқарсыз болып тұрғанда оған өкпелеудің реті жоқ деп ойлаймын.

Иә, Қайрат – табысты әнші. Бірақ табысына сәйкес шығыны да жетіп-артылады. Қол астында қаншама адам жұмыс істейді, олардың да жалақысын, басқа да шығындарын тауып беруі керек. Сондықтан бұл мәселеге байланыс­ты түсіністік танытсаңыздар деймін.

Сосын тағы бір айтарым, соңғы уақытта өзін мүгедек не болмаса ауыр науқас ретінде көрсетіп, сол арқылы ақша табуды көздейтін алаяқтар көбейген. Кезінде ондай жандардың да арам пиғылы әшкереленіп, естен танғанымыз бар. Сондықтан, егер әлдекім Қайраттың қаржылай көмек көрсеткенін қаласа, алдымен қайырымдылық қорларына немесе басқа да тиісті мекемелерге тіркеуге тұруы керек. Оның шын мәнісінде көмекке мұқтаж адам екеніне көз жеткізгенде барып қаражат аударамыз. Онда да науқас адамның шотына емес, емдеу мекемесіне не болмаса қайырымдылық қорына ғана аударылады.

Ал енді Қазыбектің жағдайына байланысты айтар болсам, дәл қазір Қайрат гастрольдік сапармен өзге елде жүр. Келгесін мен оған болған жағдайды айтып беремін. Көмектесе ме, жоқ бас­қалай шешім қабылдай ма, ол жағы кейін мәлім болады. Көмектескен күннің өзінде біз оны құпия сақтайтын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ