Ауырады жүрек, ауырады...

27.09.2016
Қаралды: 1143

Таяуда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 71-ші сессиясы басталғаны белгілі. Ол 26-қыркүйекте аяқталады.

Әлемдік маңызы бар бұл бас қосуға Қырғызстан  Президенті Алмасбек Атамбаев бара алмады. Ол жол­ға шыққанымен Түркияға жеткенде қатты ауырып қалды. Президент өзін жүрек тұсы мазалайтынын білдірген, жағдайы күрт нашарлап кеткесін дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсеткен, жан-жақты тексеруден соң оған жүрегінде проблема болуы мүмкін деген алдын-ала диагноз қо­йылды. Оған толықтай тексе­ріліп, тиісті ем алуға кеңес берілді. Ал Нью-Йорктегі жиынға қырғыз делегациясын бастап бару Қырғызстанның Сыртқы істер министріне тапсырылды.

Жалпы, Қырғызстан Президентінің денсаулығында кінәрат бары туралы ел арасында соңғы бірер жылдан бері айтылып жүргені белгілі. Бірақ ол ресми түрде расталған емес.

Дегенмен А.Атамбаевтың 2007-жылы, яғни Қырғызстандағы Президент сайлауы кезінде қатты ауырғанын жұрт біледі. «Мені әдейі уландыр­ған болуы мүмкін. Каби­не­тімде стаканмен су ішкеннен кейін жағдайым күрт нашарлады, содан екі күн бойы есімнен танып жаттым», – деп сол кезде Атамбаевтың өзі де айтқан болатын. «Тырнағы бірден қоңырқай тартып, қатты құсып, басы айналып қиналғанын көрдік» деген сөздер де жарияланып жатты.

Осыдан кейін ол Түркияға барып тексерілген еді. Ондағылар Атамбаевқа жүйкені салдандыратын заттан улан­ған деген диагноз қойыпты деп айтылып жүрді.

...Қырғызстан Президенті Алмасбек Атамбаев кешегі 17-қыркүйекте 60 жас­қа толып, оны салтанатты жағдайда атап өткен еді. Біреулер оны сол кезде бір жақпайтын нәрсе ішіп-жеп қойған болуы мүмкін десіп те жүр.

Бетті дайындаған – Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ