Алтынайдың «Алтын - Айы» бар

26.09.2016
Қаралды: 1635

Төрт қыздың анасы, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, ерекше даусымен тыңдармандарының жүрегінен орын ала білген әнші Алтынай Жорабаевамен таяуда сұхбаттасудың сәті түскен болатын. 

Сұхбат барысында біз одан бала тәрбиесіне, қыз-келіншектердің бой-басын күтуіне қатыс­т­ы кеңес беруін сұрадық.

– Алтынай, әңгімемізді өнеріңізден бастасақ... Тыңдармандарыңызды қандай жаңалықтарыңызбен қуантасыз?

– Алдымен маған, менің шығармашылығыма қызығушылық танытып, сұхбат алып отырғандарыңызға рахмет айтайын. Ал енді жаңалықтар­ға келер болсақ, соңғы бір-екі жылдан бері денсаулығыма байланысты сахнаға көп шыға алмадым. Қазір, Құ­дайға шүкір, жаңа әндер жазып жатырмын. Таяу уақытта жаңа бейнебая­ным да жарық көрмек. Алла бұйырт­са, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілетін «Сәлем, Қазақстан!» бағдарламасы арқылы тыңдармандарыммен сырласу кеші болмақ. Соған қызу да­йындалып жүрген жайымыз бар.

– Сіз әлеуметтік желіде, әсіресе «Инстаграмда» аса белсенді әншілердің қатарынансыз. Білетіндер әлеумет­тік желі арқылы көп табыс табуға болады дейді. Сіз осы­ның қыр-сырын білесіз бе?

– Әншілер, өнер адамдары үшін әлеуметтік желі аса керек-ақ. Өйткені біз сол арқылы жаңадан шыққан әнде­рімізді жарнамалаймыз. Со­ның нәтижесінде тыңдармандарымыздың пікірін біліп отырамыз. Ал енді табыс жағына келер болсақ, иә, кейде белгілі бір косметикалық компания өкілдері, киім-кешек сататын дүкен қожайындары бізден әлеуметтік желі ар­қылы өнімдерін жарнамалап беруді өтінеді. Ондайда мен өнімнің сапасына аса мән беремін. Егер расында да елге пайдасы тиетін дүние болса, жазылушыларымды одан құлағдар етіп отырамын. Бірақ одан аса бір керемет табыс табуға болады деп айта алмаймын.

– Өнеріңізбен қоса кәсіпкерлікті де қолға алып жатыр екенсіз. Құпия болмаса, бизнестің қай түрімен айналысасыз?

– Жеке кәсібім жөнінде айтар болсам, ол – Алматы қаласынан ашылған «Алтын-Ай» әсемдік салоны. Жалпы, сұлу болғысы келмейтін адам жоқ қой. Сондықтан қызмет көрсету саласының осы түрімен айналысуды жөн деп шештім.

Ал енді кәсіп бастаймын дейтіндерге айтарым, ең алдымен төзімді болыңыздар. Белгілі бір бизнес түрін бас­таймын деп шештіңіз бе, шаруаны соңына дейін жеткізіңіз. «Оңай жерде нан жоқ» екенін естен шығармаңыз.

Сіздің бизнесіңізге тек өзіңіздің ғана жаныңыз ашиды. Сондықтан енді ғана басталған бизнесті өзіңіз жүргізгеніңіз жақсы. Кейіннен, аяғынан нық тұрған соң шын жанашыр, адал адамның қо­лы­на тапсыруға болады. Менің әсемдік салонымды бүгінде құрбым басқаруда. Мен оны тек сырттай бақылап отырамын. Аллаға шүкір, қазір бұл кәсіптен тәп-тәуір табыс түсуде.

Негізі біздің өнеріміздің өзі жеке кәсіп болып саналады ғой. Өйткені біз ән айту арқылы тамағымызды тауып жеп жүрген жоқпыз ба?

Реті келгенде айта кетейін. Кейбір тыңдармандарымыз бар, бізді күліп-ойнап, оңай жолмен қыруар қаржы тауып жүр деп ойлайды. Ал шын мәнісінде өнер жолы оңай жол емес. Бала-шағаңнан жырақта, күн-түн демей жол жүрудің өзі кейде қажытып жібереді.

Менің айтарым, кәсіптің қай түрімен айналыссаңыз да мойымаңыз, алдыңызда тұр­ған кедергілерді жеңе білуге күш салыңыз. Халыққа көрсе­тетін қызметіңіз әрдайым сапалы болсын. Сонда ғана келушілер тұрақты, табыс қомақты болады.

– Ал бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз? Өзіңіз секілді бала тәрбие­леп отырған ата-аналар­ға қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен өзімді бала тәр­биесіне қатал қарайтын аналардың қатарына қосамын. Неге? Себебі менің қыздарым болашақта бір-бір үйдің тү­тінін түтететін ана болады. Өзге біреудің шаңырағында жүргенде мынаған анасы қандай тәрбие берген деп айтпас үшін бүгіннен бастап олардың тірлігіне, тазалығына, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына аса мән беремін.

Негізінде ата-анасы беті­нен қақпай, айтқанын іс­теген баланың тәрбиесі ешқашан оңған емес. Қазір бәрімізге белгілі, заман өзгер­ді, соған сәйкес балалардың да мінез-құлқы, өзін-өзі ұс­тауы басқаша болып барады. Техниканың қарыштап дамуы, балалардың ерте жас­тан компьютер мен смарт­фондарға тәуелді болуы да тәрбие­ге кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан балаға керек кезінде «Тәйт!» деген сөзді айтып отыру керек.

Сосын тағы айтарым, балаға әр нәрсені өз уақытында істетіп үйретіңіз. Сабақ уақытымен орындалсын, ба­ла­ны үй тірлігіне күн сайын жұмсаңыз. Ал демалыс күні ештеңе істетпей, демалдырған дұрыс. Сонда ми да ты­нығады, бала да өзін келер аптада сергек сезінеді.

– Бір кездері сіздің салмақ қосып, толысқаныңызды білеміз. Кейіннен түрлі жаттығулар жасап қалпыңызға келгеніңізден ел хабардар. Осы ретте арықтаймын деп жүрген қыз-келіншектерге айтарыңыз бар ма?

– Әйел адам әрқашан да әдемі болуы тиіс. Бұл әсіресе сахнада, халық алдына жиі шығатын біз секілді әншілерге де  тиісті. Жалпы, Алла бізге дене мүше­лерімізді, денсаулығымызды аманат етіп берген, сондықтан оған қиянат жасамай, тиісінше күтіп-баптау парыз.

Жасыратыны жоқ, мен толуға бейім адамдардың қатарынанмын. Сол себепті аяғым ауыр кезде салмақ қосып алатыным бар. Бірақ кейін, бала емізуді доғарған соң күн құрғатпай жаттығу жасаймын. Тамақтан өзімді шектей бастаймын.

Кейбіреулер ақшалары көп, фитнес орталықтарына бұлар бармағанда кім барады деп ойлайтын шығар. Айтарым, мәселе ақшада емес. Сымбатты болғысы келетін адам жаттығуды үйде де жасай алады. Қазір, Құдайға шүкір, әр үй интернет желісіне қосылған. Ғаламтордан жаттығу үлгілерін көріп алыңыз да, айна алдына тұрып жасай беріңіз. Фитнес-орталыққа барғанмен бірдей нәтижеге қол жеткізе аласыз.

Айтпақшы, аптасына бір рет ас­қазанды тамақтан босатып тұрған өте пайдалы. Ондай күні шөптен жасал­ған шай, дәрумені мол жеміс шырындарын ішіңіз. Тоя тамақ жеуден аулақ болыңыз. Негізінде әр адам өз жұдырығы көлемінде ғана тамақ жеуі керек екен. Соны қадағалаңыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – А. ҚАСЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ