5 миллион теңге жинасақ, Жәмиланы құтқарып қалар едік

26.09.2016
Қаралды: 1890

«Замананың» биылғы 27-тамыз күні жарық көрген нөмірінде «Өмір сүргім келеді!» деген тақырыппен мақала жарияланғаны белгілі. 

Онда екі бүйрегі бірдей істен шыққан 22 жастағы Жәмила Байсерікованың басындағы қиын жағдай туралы айтылған болатын. Бұл жөнінде «Замана-фильм» қызметкерлері түсірген бейнефильм де жарық көрген еді.

Содан бері аталған жайдан «Замана» мен «Замана-фильмнің» бірнеше ондаған мың оқырмандары мен көрермендері хабардар болды. Ал содан бергі бір ай ішінде Жәмилаға жұртшылық қаншалықты қол ұшын созып отыр? Оған операцияға қажетті 5 миллион теңге қаржы жиналды ма? Біз осы сұрақтарды Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаеваға қойдық.

«Аллаға шүкір, қиналған жанға қол ұшын созатын адамдар арамызда аз емес екен. Алдымен осы мәселені көтеріп, халықтың назарына жеткізген сіздерге және жылы сөзімен, ақшалай демеуімен жанымыздан табылып жатқан барша азаматтарға алғысымды біл­діремін. Жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын!

Бізге телефон шалып, сө­зімен демеу болып жатқандар тезірек айығыңыздар, сіздер үшін дұға қыламыз дейді. Еліміздің әр түк­пірінен банктегі шотымызға 500, 1000, 2000, 5000, 10.000 теңгеден ақша салып жатқандар бар. Барлығын қосқанда бүгінде жиналған қаржы 240 мың теңгеге же­тіп отыр. Кімнің қай жерден екенін, аты-жөнін сұрасам, тұрғылықты жерлерін ға­на айтады, бұл бір мақтангершілік үшін жасап жат­қан нәрсе емес, шама-шарқымша үлес қосып жат­қаным ғой дейді. Бәрі де әрекеттерін Алла разылығы үшін жасайтынын айтады. Кейбір емші-тәуіптер де хабарласып жатыр, бірақ ол кісілердің қызметін пайдалану ойымызда жоқ. Өйткені қазір Жәмила қанды улы заттардан тазартатын гемодиализ аппаратының емін қабылдауда. Аптасына үш мәрте «жедел жәрдем» қатынап, Жәмиланы соған әкеледі, ол гемодиализде 4 сағат бойы жатады. Менен: «Қажетті ақша жиналып жатыр, ә?» – деп сұрап қояды. Мен: «Жиналып жатыр», – деп оның көңіл-күйін көтеруге тырысамын», – дейді Жәмиланың анасы.

Қысқасы, Жәмилаға операция жасауға қажетті ақшаның әзірге 240 мың теңгесі ғана шотқа түсіпті. Ал оған 5 миллион теңге керек екені белгілі.

«Жыл аяқталып келеді, алдағы кезде операция ақылы болып кетсе қайтпекпіз? Осыны ойлағанда қатты қиналамын. Қажетті ақша ары кетсе қараша айына дейін жиналса жақсы болар еді. Одан кейін қызымды операцияға да­йындау керек. Операцияны жаңа жылға дейін жасатып алсақ екен деп күндіз-түні Құдайдан тілеудемін. Ақшалай жәрдем беріп жатқан жандардың барлығына да алғысым шексіз. Бірақ қазіргі жиналған ақша аздық етіп тұр. «Көп түкірсе – көл» дейді ғой, осы шараға ұжым, мекеме қызметкерлері де атсалысса екен деймін».

...Бауыр еті – баласы үшін шырылдап жүрген ана осылай дейді. Ол кісіге бүгінде Шымкентте тұрып жатқан пәтерінің жал ақысын төлеу де оңайға соқпай тұр екен.

«Оған әйтеуір өйтіп-бүйтіп жеткізіп жатырмыз ғой. Ең бастысы, Жәмилаға операция жасататын ақша тезірек жиналса екен», – дейді Қ.Құлмырзаева.

Ендеше, біз Сіздерді Жәмилаға жәрдемдесуге шақырамыз, ардақты ағайын! Болашағынан үміт күткен қаракөз қандасымызға қолдан келген көмегімізді аямайық, бұл ізгі іске баршамыз болып атсалысайық!

Жәмиланың «Халық банкіндегі» шоты мынадай: 5762 0035 1804 5629. (ИИН 9 206 19402129). Киви-әмиян - 8-778-794-66-56. Жәмиланың анасымен мына телефон арқылы хабарласуға болады: 8-705-150-13-63.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ