Ендігі Президент кім болады?

26.09.2016
Қаралды: 1035

Өзбекстанда кезектен тыс Президент сайлауының биылғы 4-желтоқсанға белгіленгені мәлім. Қазір онда сайлауалды науқан жүріп жатыр. 

Бүгінге дейін елдегі төрт саяси партия президенттікке өз үміткерлерін ұсынды. Олар мына азаматтар:

Шавкат Мирзияев (суретте) – елдің Премьер-министрі, қазір Президент қызметін уақытша атқарушы. Либерал-демократиялық партия өкілі. Ол кісі 1957-жылы туылған.

Наримон Умаров – «Адолат» социал-демократиялық партиясы Саяси Кеңесінің төрағасы, Олий Мажлистегі Заң палатасы төрағасының орынбасары. 1953-жылы өмірге келген.

Хотамжон Кетмонов – Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы Орталық Кеңесінің төрағасы, Олий Мажлистегі  Заң палатасы төрағасының орынбасары. Х.Кетмонов 1969-жылы туылған.

Сарвар Отамурадов – «Милли тикланиш» («Халықтық өрлеу») партиясы Орталық Кеңесі атқару орталығының төрағасы, Олий Мажлис төменгі палатасы төрағасының орынбасары. Президенттіктен үміткерлердің қатарындағы ең жасы кішісі, 1973-жылы дүниеге келген.

...Осыған дейін Өзбекстанның Президенті болуы ықтимал адамдардың арасында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Рустам Азимовтың аты жиі аталып келгені белгілі. Дегенмен әзірге ол өз кандидатурасын ұсынатынға ұқсамайды. Кейбір сарапшылар Өзбекстан Президенті болуға Мирзияевтің мүмкіндігі мол, ал Азимов кейін оның орнына Премьер-министр қызметіне тағайындалуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Өзбекстанда президенттікке үміткерлерді ресми тіркеу алдағы 30-қыркүйекте басталады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ