«Әперші бір жас тоқал үлпілдеген!»

26.09.2016
Қаралды: 1993

Құрметті достар! Мені туған күніммен құттықтағандарыңызға шын жүректен алғысымды айтамын! Маған тілегендеріңізді Алла өз бастарыңызға берсін!

Осы күнге орай әр еркектің басынан өтетін үйдегі «прокурордың» өмір бойғы тергеуі туралы әзілімді оқып, «езу тартар» жасаңыздар. (Мынау өмірдің әр кезеңіндегі қас-қағым сәттер).

Тоқал алып бермеген, «Бәйбіше» деген аса құрметті атаққа ие болмаған, жарты ғасырға жуық «жауапқа тартып» келе жатқан бұл дүниедегі «Әңкір-мүңкірім» – Мағуар Кенжебай­қызы – Тұрсынбеккелінінің Аймұханбет Тұрсынбекұлын «тергеу ісінің» хаттамалары.

* * *

– Мені сүйесің бе? Шыныңды айт!

– Ғашық болдым мен саған бір көргеннен,

Бір көргеннен көзіңнен нұр көрген ем.
Сертте тұрып, сенімді жарым болсаң,
Мен де сүйіп өтермін бұл өмірден.

Ақ жүзіңе жарасқан қара меңің,

Жүрегіме шоқ тастап қарап едің.
Оты лаулап сол шоқтан махаббаттың,

Өмірлік жарға өзіңді балап едім.

* * *

– Концертіңде неге саған қыз-келіншектер гүл бергіш? Бетіңнен неге сүйеді? Бұрымды қыздың ернінен неге сүйесің? Айт шыныңды!

– Жары болу әншінің, түсінемін, қиын-ақ,

Мені қыздар қоршайды жүрегін ап, гүлін ап.

Қызғаныштың қуала «қызыл итін» аулаққа,

Торда ұстасаң бұлбұлың торғай

            болар құрып-ақ.

* * *

 – Жағаңа қызыл помада қайдан жұққан? Сенен неге әйел әтірінің иісі шығады? Кіммен болдың? Айт шыныңды!

– Ақ жағада ізі қап «помаданың»,
Талай рет «тұтқындап», жазаладың.
«Жер аударып», ұйықтар бөлмемізден,
Ұмытылмас зал үйге «қамағаның».

* * *

 – Неге сен көшеде әдемі қыздар

мен келіншектерді көрсең көзің жайнап, есің кетіп, қасыңда келе жатқан мені ұмытып кетесің? Мені сүйем дегенің өтірік пе? Айт шыныңды!

– Сұқтандың деп сұлуға сөкпе мені,

Көңілім – жаз, кеудемде – көктем әні!

Сұлулықты сүймесем кім болғаным,

Серілігім бойымда текке ме еді?

 

Сенесің бе жанамын, күйем десем,

Мәжнүндей ессіз-түссіз сүйем десем?

Не болар ем тағдырдан тарыққанда,

Саған келіп мұң шағып, сүйенбесем?

* * *

– Сен неге менің әже болғанымды гүл беріп құттықтамайсың? Айт шыныңды!

– Батасын көп берген ед енең, атаң,

Әкелді немерені Ермек ботаң.

Болдың-ау 43-те сен де әже,

Қасына «бабушканың» қалай жатам?

* * *

– Кешігіп келгеніңді қашан қоясың?
Кімге барып жүрсің? Айт шыныңды!

– Кешігіп келсем, «тергейсің»,

Дұрыстап шай да бермейсің.

Өтірікті көп айттым-ау,

Шын сөзіме де сенбейсің.

Асып бір кетіп кей-кейде,

Салып бір кеттім «гөй-гөйге».

Өкініп сонда жүрдің бе,

Кезіктім деп мендейге?

* * *

– Сен неге елуден кейін махаббат
әндерін жазып, Гран-прилер
алып «құтырып» жүрсің? Кім саған
шабыт беріп жүрген? Айт шыныңды!

– Елуінде біреулер «шалмын» дейді,

«Қызығынан өмірдің қалдым» дейді.

Елуден соң, Мағуар, «жаман шалың»

«Қамал бұзар», сен мейлің, сенбе мейлің!

 

Мағуар, қалай екен елу деген,

Бақыт қой елуге де келу деген.

Осылай қол ұстасып, аман-есен

Алпысқа жетсек, шіркін, желуменен.

* * *

– Алпыстан астың, енді «тәубаңа»
келетін шығарсың?
Айт шыныңды!

– Алпыста «алыстайды» жан-жарың да,

Қыз-қырқын көрінбейді жан-жағыңда.
Саятқа шықсаң іздеп «қызыл түлкі»,

Қынаптан шыға бермес «қанжарың» да...

Астық па ақырындап алпыстан да,

Қуанып тәуба дейміз әрбір таңға.

Осылай желіп өтіп жетпістен де,

Жетсем-ау сеніменен сексен санға!

* * *

– Алпысқа дейін «ұрлық қалтаңда» жалақыдан жасырғаның болушы еді, қазір неге ол бос? Басқа жерге тығатын болдың ба? Айт шыныңды!

– Қайда менің жас күнім,

Қыдыратын «оң» мен «сол»?

«Заначка» тыққан қалтама

Салып жүрмін валидол.

* * *

– Жарты ғасырға жуық «жауап алып» келемін, маған ризамысың? Қандай өтінішің бар? Айт шыныңды!

– Кердең басып келдің бе, алпыс деген,

Жылу қайтар, тоңазыр бүкіл денең.

Ортаға алып, Мағуар, жылынайық,

Әперші бір жас тоқал үлпілдеген!

(Семейлік Аймұханбет Бейсембековтің

«Фейсбуктегі» парақшасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

{jcomments on}

Пікір қалдыру

1000 символ