«Қоянжүрек» сөзінің антонимі қандай?

21.09.2016
Қаралды: 1297

Кезекті оқу жылының басталғанына да екі аптадан асты. Осы аз ғана уақыттың ішінде кей жерлерде олқылықтар бой көрсетіп жатыр. 

Оның бірін бізге редакциямызға арнайы келген шымкенттік Жайна Көсерова есімді әйел айтып берді.

«Биыл қызым 9-сыныпты бітірген еді, – дейді Ж.Көсерова. – Сабаққа құлқы жоқ, колледжге оқимын деп тұрып алды. Оқығысы келетін колледжді сырттай таңдап та қойыпты. «Собеседованиеде» бірер сұрақ қойып, соған дұрыс жауап берсең болды, қабылдайды екен», – деп алып-ұшып тұрғасын ойлана келе колледжде оқыса, оқысын деген шешімге келгенмін. Содан аталған оқу орнына бардық. Бірақ өкініштісі, одан тауымыз шағылып қайт­тық.

Әлгі колледждің қабылдау бөлмесінде расында да «собеседование» болып жатыр екен. Төрде қабағынан қар жауып ұлты өзбек бір әйел отыр. «Бүгін бұлардың тығыны ағытылып кеткен бе, немене, таусылатын түрі жоқ қой?!» – дейді үміттеніп келіп отырғандарға ала көзімен қарап. Оның осы түрінен-ақ қызым шошынып қалды. «Қайта салайықшы», – деді маған. Бірақ қызымды еркіне қоймай, кезегіміз жеткесін әлгі әйелдің алдына алып кірдім. Ал ол мәселемізді үш-ақ сұрақ қойып шешіп берді.

«Оттегі қалай түзіледі?» – деді бірінші сұрағын қойып. Қызым бұған: «...Озон қабаты...» – деп күмілжи бірдеңелерді айтып жатты. «Дұрыс емес! – деді әлгі әйел тоңқ етіп. – Фотосинтез арқылы түзіледі». «Қоян­жүрек» деген сөздің антонимін ата», – деді сосын. «Ержүрек», – деді қызым бұған бірден жауап қатып. «Дұрыс емес, – деді әйел. – Бұл сөздің антонимі «батыр» болады». Осы кезде шыдай алмай кетіп: «Қызымның айтқаны дұрыс, «қоянжүректің» антонимі «ержүрек» болады, «батыр» дегеннің антонимі «қорқақ» болады емес пе?» – дедім сөзге араласып. «Жоқ! – деді ол жұлып алғандай. – Дұрыс емес! Мына жерде «батыр» деп жазылған».

Сөйтсем, әлгі әйелдің алдында сұрақ-жауаптар жазылған дәптер бар, ол  соны пайдаланып отыр екен. Оның үшінші сұрағы мені тіпті де таңқалдырды. «Тәуелсіздік» саябағына қарама-қарсы қандай ескерткіш тұр?» – дейді. Қызым бұған жауап бере алмады. «Онда Қабанбай батырдың ескерткіші тұр», – деді әлгі әйел өзіне-өзі риза кейіпте. Меніңше, бұл жауаптың өзі дұрыс емес. «Тәуелсіздік» саябағының қарама-қарсы бетінде, «Ордабасы» алаңында «Жер-Ана» ескерткіші тұрған жоқ па? Ал Қабанбай батырдың ескерткіші саябақтың теміржол вокзалына баратын бетіндегі қақпаның арғы жағында, Қабанбай батыр даңғылының бойында, яғни сыртында тұр. Осыны айтып  дәлелдегім келді, бірақ өз кезегін күтіп отырғандардың көзінше шу шығармайын деп өзімді-өзім ұстадым. Алдындағы дәптерде жазылғаннан басқаны дұрыс жауап деп қабылдамайтын адамға оны дәлелдеу де оңай емес қой. «Жүр, кеттік!» – дедім қызыма, ол да әзер шыдап тұр екен, томпаңдап еріп жүре берді. Қысқасы, ол колледжге түсу ниетінен бірден, біржола айнып қалды. «Мектепте-ақ оқи берейінші, иә?» – деп қояды жолда маған жаутаңдай қарап.

Ал әлгі әйел алдыма талаптанып бала келіп тұр ғой, анасы да бірдеңе білетін шығар-ау, беттері қайтып қалмасын демеді. Мұғалімдері­міздің сиқы осы болса, жетіскен екенбіз деген ойға келдім.

Әлде әлгі әйел мұғалім емес, әшейін, адам жетіспегесін уақытша отырғызып қойған біреу ме екен? Егер бұлай болса, колледж басшылығы талапкерлердің тағдырына неге нем­құрайды қарайды? Өйткені әлгі әйелдің әрекетінен кейін талай талапкердің мұндай колледжі құрысын деп енді қайтып жоламастай болып кетпесіне кім кепіл?

Газеттеріңізде бұл туралы да жарияласаңыздар екен деп келіп отырмын. Жұрт ойлансын, әсіресе мұғалімдер ойлансын. Педагогтар өз ісіне адал, білімді, әдепті, мәдениетті, балаға қамқор болуы керек қой. Ал мен әлгі әйелді ондайға тіпті де ұқсата алмадым».

Редакциямызға келген оқырман осылай дейді. Бізді оның айтқандары қатты ойландырды. Сіз де, құрметті ұстаз, ойланыңыз! Біліктілігіңіз қандай? Әдеп, мәдениет дегенді білесіз бе? Балаға қамқорлықпен қарайсыз ба? Ата-ананың алдында дөрекі емессіз бе? Сұрақ көп. Ойланыңыз!

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ