Көз тигеннен мысықты қолданып құтқарды

21.09.2016
Қаралды: 1196

Кішкентай бауырым үш айдан асқанында алға талпынып, әр нәрсені қолымен ұстап көруге әуес еді. Бірде үйге әкемнің қарындасы қонаққа келді. 

Анам қонақты әдеттегіше жылы шыраймен қарсы алуға асығып, ұлын жан-жағына жастықтармен қоршап отырғызып қойды.

Тәтем бәрімізбен амандасқан соң сәби отырған бөлмеге кірді де: «Міне, ғажап, нағыз батыр! Өзі отырады екен, ал менің немерем бес айлық болса да әлі отыра алмайды», – деп самбырлап жатты. Сосын баламен ойнай бастады. Жатқызып қоймақ болса да бала  әлгі «құламайтын ойыншық» тәрізді қайтадан бойын тіктеп отырып алады. Тәтеміз қайта-қайта: «Қандай сымбатты болып өсіп келеді?! Өзі сондай ширақ! Ал менің немерем жал­қау», – деп таңдайын қағумен болды.

Дастарханнан дәм татып, әңгімелесіп болған соң ол өз жөніне кетті. Ал кешкісін інімді ұйқыға жатқызайын десек, тынышсызда­нып, қолды-аяққа тұрмай кетті. Ұйықтамай, әбден ығырымызды шығарды. Қолымыздан түспей мезі қып бітті.

Біздің үйге жақын, көшенің арғы бетінде емші әжей тұратын. Анам ұлын құндақтап орап алды да соған барды. Ал ол баланы қолына ала салып: «Қалай ұйықтайды,­ егер денесінің бәрін ішкі жағынан инемен піскілеп таста­са?!» – деді. Сосын дұға оқыды, баланы жуындырды, бізге оған қатты көз тигенін, бәрі баланың өзіне байланысты екендігін айтты.

Қысқасы, әлгі әжей анама бір түйіншек берді. Күн батар алдында көшеден мысық ұстап алуды, оны түнгі сағат 12-де шылапшынға отырғызып қойып, үстін жауып, оның үстіне баланы шомылдыруды, шомылдырып тұрып дұға оқуды, сосын әлгі түйіншекпен баланың арқасын сипалап отыруды тапсырды. Оған тек осылай ғана көмектесуге болады екен. Ал суды адам аяғы баспайтын жерге дереу төгіп тастау керек. Егер осыдан соң 10 минуттан кейін баланың ахуалы жақсарса, онда оны ажалдың айналып өткені.

Сол күні кешке әкем мысық ұстап әкелді. Баланы шомылдыру сәті келіп жеткенде анам түйіншекпен оның арқасынан әрі-бері сипап жоралғыны жасады да, түйіншекті ашып қарап еді, арасынан баттасып қалған ұзынды-қыс­қалы шаштар шықты. Ұлын киіндірді де, алдына алып, дұға оқыды. Осы кезде бала біртіндеп тыныштала бастады, 10 минуттан кейін бір шыңғырып жіберді де, сосын тым-тырыс ұйықтап кетті. Таңға дейін ұйықтады.

Осылайша ажал інімді айналып өтті. Ал әлгі тәтемізбен біздің арамыз мүлдем алыстап кетті. Онымен араласпауға тырысатын болғанбыз.

З. ЖОЛДАС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ