Уақыт жылдам өтіп жатыр ма?

21.09.2016
Қаралды: 1363

21-қыркүйекте күзгі күн мен түн теңелуі орын алатыны белгілі. Бұдан кейін түнгі уақыт ұзара бастайды. Бұл – жылдар бойы болып тұратын құбылыс. Жалпы, уақыт дегеннің өзі бір қызық нәрсе ғой.

Мысалы, біздің бала кезімізде жазғы каникул ұзаққа созылатындай көрінетін. Ал жас ұлғая келе барлығы мүлдем өзгереді екен. Яғни күндер, апталар, айлар тез жылжып өтіп жатқан сияқты. Ал неліктен бұлай, білгіңіз келе ме?

Ғалымдар уақыттың қысқаруы жас келген сайын маза­ла­й­тын қым-қуыт тірліктің көбеюіне байланысты екендігін айтады. Яғни өмір жаңа кедергілер мен қиындықтарға толығады екен.

Бұдан өзге де тұжырымдар бар. Ол біздің ішкі биологиялық сағатымыздың өзгерісін көрсетеді. Үлкейген сайын зат алмасу, тыныс алу мен тамыр соғысы баяулайды. Ішкі әлеміміз тежеліске ұшырап, төңіректегі барлық өзгерістер шапшаң болып жатқандай көрінеді.

Тағы бір тұжырым жас ұлғайған сайын миымыз қорытуға тиісті ақпараттың көлемі артуына байланысты. Белгілі кезеңде ол барлық мәліметті қорыта алмайды, мұның өзі айтарлықтай баяулыққа алып келеді. Мұны  апатқа дейінгі қас-қағым сәтте орын алатын «қимылды баяу қабылдау» деп түсіндіруге болады. Миымыз уақыттың­ қысқа үзігінде қорытуға әліміз жетпейтін мол жаңа ақпарат алады.

Бұл да әлі соңы емес. Кейбір адам болмысын зерттеушілер өмірден көргені көп егде жастағы адамдар­ үшін уақыт шапшаң өтіп жатқанына сенімді. Айналада болып жатқандардың барлығы – ешкімді таңқалдыра алмай­ты­н­­дай қалыпты жайттар. Бір сөзбен айтқанда, қалыпты ағым. Есте сақтап қалатын ештеңе жоқ, күндер, айлар, жылдар жаныңыздан зуылдап өтіп жатқандай болады.

Бәрін дәлдеп айтып бере алмайтын матеметикалық есептер мен статистикалық дәйектерге дендемей-ақ қоялық. Алайда кейбір сандарды атауға болады. Мысалы, 5-10 жас аралығындағы балалық шақ 40-80 жас аралығындағы жылдардағыдай ұзаққа созылады. Яғни қырық жастан кейін уақыт орташа алғанда 8 есеге қысқарады екен.

Сондықтан әрбір күнді қызықты да көңілді өткізуге тырысқан жөн. Сүреңсіз күндерден қашып, жаңа бастама­лар­мен өмір сүрейік!

Ж. МИРАСОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ