Атасын да, енесін де өзі шомылдыратын

20.09.2016
Қаралды: 1160

Бүгінде жас отбасылар арасында ажырасудың көбейіп жатқаны туралы жиі айтылуда. 

Ал мұндайға ұрынбас үшін жастарға ақыл-кеңес беріп, жақсы-жаманды үйретіп отыру керек. Қазақ мұны ежелден айтып, ескертіп, тәрбиенің көзі етіп келген. Мысалы:

«Қызың жаман болса, жеті атаға жетеді.   

Әйелің жаман болса, достарың жоламай кетеді.

Келінің жаман болса, күңкілдеумен өтеді.                        

Балаң жаман болса, өмірің сүрген бекергі», – дегенінің өзі түсінген адамға үлкен ақыл, ұстанар бағыт-бағдар емес пе? Яғни онда әйел, бала-шаға тәрбиесіне көңіл бөлу керектігі ескертіледі. «Жаман» деген сөздің өзі отбасына, әулетке ұят әкелетін ауыр сөз болып бағаланған. Осындай жаман атқа қалмауды үлкен де, кіші де ойлаған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жақсылықты насихаттауға үндеген. Сол айтпақшы, біздер қазақтың жақсы жігіттері мен қыздары туралы мақтана айтып та, жазып та жүрміз. Ал инабатты да ибалы, иманды келіндеріміз туралы аздау айтылып жүрген сияқты. Меніңше, олардың да ла­йықтыларын, жақсыларын жұртқа таныстыру керек. Танысын, білсін, үлгі алсын!

Осы орайда ұлтымызға үлгі боларлықтай ісімен еліне, ағайын-туыстары мен түскен жұртының ерекше құрметіне ие болған Сағат Айдарова есімді әйел (суретте) жайлы айтқым келеді. Ол – бүгінгі күні жасы елуді еңсеріп, ұл-қыздарынан немере сүйіп отырған аяулы ана, ұлағатты әже.

Жасы жиырмаға толар-толмас Бәйдібек ауданындағы үлкен отбасының алғашқы келіні боп түскен Сағат күні-түні демей сол үйдің «отымен кіріп, күлімен шықты» десек, қателеспейміз. Құдайдың берген ұл-қыздарын тәрбиелеп, ата-енесінің де көңілінен шыға білді. Келім-кетім қонағы көп үйде бір күнде екі рет қазан көтерген кездері де болып тұратын. Қайындарын үйлендіріп, бойжеткен қайынсіңлілерін тұрмысқа да өз қолымен шығарып салған.

Бұл келін болып түскенде жасы 68-дегі атасы мен енесі жылдар өте келе қатты ауырып, орнынан әрең тұратын жағдайға жетті. Қарттық қалжыратқан қариялардың қас-қабағына қарап мәпелеген Сағат олардың киімдерін уақтылы ауыстырып, жуындырып отыратын. Орнынан көтеріп тұрғызып, кезегімен шомылдырып отыруды да қаперінен бір сәт шығарған емес. Құдай қосқан қосағы Қалдыбек көбінесе қызмет бабымен іс-сапарларда болатын. Оның жолына қарап отырса көп күтіп қалуы мүмкін екендігін білген Сағат бұндайда білекті сыбанып жіберіп, от жағып, дәу қазанға су ысытып, атасын да, енесін де өзі шомылдыратын. Әлдеқалай қыдырыстап келе қалған қайынсіңлілерін де әкесіне көп жолатпай ынты-шынтымен өзі шомылдырушы еді. «Бұлардың қолдары өте қатты. Менің Сағатым сияқты ауыртпай жуындырғанды білмейді», – деген енесі де өзін тек қана келінінің жуындыр­ғанын қалайтын.

«Алтын алма, бата ал» дегендей, ата-енесінің ғана емес, осылайша бүкіл ауылдың ризашылығына бөленген Сағат бұл күндері қосағы Қалдыбекпен бірге ұл-қыздарының, немерелерінің рахатын көруде. Қайындары мен қайынсіңлілері де Сағатты жеңгеміз деп емес, анамыз деп құрметтейді. Осындайда: «Болсайшы барлық келін Сағат жандай!» дегің келеді.

Бөріхан БАЙМҰСАҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ